Мемлекет тарапынан бизнесті қолдау одан әрмен жалғасады. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлерге мол мүмкіндік берілмек. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов Павлодар облысы кәсіпкерлерімен кездесу барысында айтты. Бірінші кезекте экономикалық әлеуеті бар бағыттарды дамыту қажет деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов Үкімет отандық тауар өндірушілерді жан-жақты қолдау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Мемлекеттік сатып алу саласында отандық өндірушілер тауарларының, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерінің тізбесі кеңейтіліп, сатып алу рәсімдері оңтайландырылған. Сондай-ақ, ұзақмерзімді шарттар жасау тетігі енгізілді. АӨК-те жеңілдікпен несие беру мөлшері ұлғайтылып, 2024 жылы рекордтық жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік берген. Енді экономиканың нақты секторын дамыту үшін шағын бизнесті қолдауды қамтамасыз ететін қаржыландыруды кеңейту және кепілдік қорларын құру көзделген.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
Біз бизнесті белсенді түрде қолдау жұмысын әрмен қарай жалғастырамыз. Жаңадан бағдарламаларды іске қоспақпыз. Осы арқылы кәсіпкерлер әр түрлі жеңілдетілген несие мүмкіндіктеріне ие болады. Бұны өздеріңіз де естіп-біліп отырсыздар деп ойлаймын. БАҚ арқылы бәрі айтылып жатыр.
Премьер-министр бірінші кезекте экономикалық әлеуеті бар басым бағыттарды дамыту қажеттігін атап өтіп, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бағдарламаларына белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің өндіріске бет бұрудың маздығына тоқталды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
Өнім өңдеуге бетбұрыс керек. Жылдамырақ осы бағытты қолға алу қажет. Жоғары сапалы өнімдер керек. Парламентте талқыланып жатқан салық кодексіне мынадай тетік бар: кім жоғары сапалы өнімді көбірек шығарса, сол салықты аз төлейді. Бұл барлық салаға қатысты. Мәселен, астықты сата салу бір басқа, одан дайын өнім шығарып сату бір басқа. Экономикалық тұрғыдан екіншісі бізге өте пайдалы.
Екінші деңгейлі банктер экономиканың нақты секторын қаржыландыруды арттыруға ниетті екенін де айтты. Сондықтан біз сіздерден келешегі зор жобаларды, өркендеудің жаңа бағыттарын және экспорт нарығын кеңейтуді күтеміз деді Премьер-Министр. Металдарды терең өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясы, энергетика және машина жасау, туризм сияқты басым бағыттарды дамыту қажеттіген тоқталды.
Жанасыл Серікбол