Кеше кешкі сағат 18:00 шамасында Павлодар қаласында Академик Әлкей Марғұлан көшесінде 4 жастағы бала табылды. Ол ата-ана қарауынсыз жалғыз жүрген. Алдымен бала полиция бөлімшесіне жеткізіліп, кейін Павлодар облыстық балаларды қолдау орталығына орналастырылды.

 Орталыққа бала 6 сәуір күні сағат 21:00 қабылданды. Бала медициналық бақылаудан өтті. Бүлдіршін қайда тұратынын, ата-анасының есімін білмейді. Тек анасы асхана еңбек ететінін айтқан.

Сәуле Шакенева, Павлодар облысы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл

 Бала өзін Али , Алиш деп таныстырды. Анасының да, әкесінің де есімін білмейді. Балабақшаға баратынын айтты. Сонымен қатар, оның бауырлары – аға-іні, әпке-сіңлілері бар екенін жеткізді. Мен баланы өзім қарап шықтым. Қазір ол медициналық тексеруден өту үшін санитарлық бөлімшеде. Балада ешқандай зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Көгерген, жарақат, кесілген іздер табылған жоқ. Денсаулығы жақсы, балалармен ойнап, тамағын ішіп, өзін жақсы сезініп жүр.

Айта кетейік, баланың ата-анасы Павлодар қалалық полициясына жүгінді. Балғынның есімң Әли, жасы 5-те екені анықталды. Әкесінің айтуынша, отбасы Павлодарға 5 күн бұрын көшіп келген. Естай көшесі, 38 мекенжайындағы пәтерді жалға алып тұрады. Отбасында 8 бала бар.

Абдұрауф Расулов, баланың әкесі

Кешке Әлиді үлкен балалармен бірге деп ойлап, ұйықтап қалдым. Таңертең жұмысымнан келгенде оның үйде жоқ екенін көріп, полицияға хабарластым. Ол орыс тілін білмейді, тек тәжікше сөйлейді. Содан сұрап жатқан сөздерді түсінбеген болуы мүмкін.

Полиция жалдамалы пәтерге барып тексеріс жасады. Қараусыз қалдырғаны үшін ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл іс Павлодар қаласы әкімдігінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында қаралатын болады.

Сабина Жолдаспаева