Өңірімізде үш түрлі бағыттағы кәсіпкерлік нысан бүгінде табысты әрі тұрақты жұмыс істеп келеді. Арнайы киім өндіретін «KazIndArsenal», құрылыс материалдарын шығаратын «Ясмин Строй сарапшы» және шет тілдерге оқытатын Istudy білім беру орталығы. Олардың ортақ жетістігі – «Даму» қорының қолдауымен байланысты. Компаниялардың бүгінгі тынысы қандай? Келесі сюжеттен көрейік.

«KazIndArsenal» ЖШС – құрылыс және өндірістік салаға арналған арнайы киімдер тігетін кәсіп. Компания 2012 жылы құрылды. Ал, 2017 жылдан бастап белсенді дами бастады. Бүгінде кәсіпорын Павлодардың ірі тапсырыс берушілерімен жұмыс істейді. Өндіріс пен кеңсе бір жерде орналасқан. «Даму» қоры арқылы қолдауға ие болып, компания өндірістік қуатын арттырды. Клиенттерге алдын-ала төлемсіз жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

Ерболат сабиғанов, «Kazindarsenal» ЖШС директоры

Бүгінгі таңда 25-30 адам жұмыс жасайды. Негізгі айналасатын ісіміз жұмыс киімін тігеміз. Бұл әртүрлі өнеркәсіптерге Павлодар қаласына және Қазақстан бойынша барлық аймақта жұмыс киімімен қамтамасыз етеміз. Айтап айтсақ, каустик, пнхз, опнкс секілді үлкен алпауыттармен жұмыс жасаймыз. Бүгінгі күнде жазғы киімдерді 1 айда 1000ға жуық тігеміз. Қыста 500ге жуық киім тігіп беретін шамамыз бар. Осы 13 жыл ішінде «даму» қорынан алған қаржылай көмектің арқасында цехтан үлкен фабрикаға айналып отырмыз.

Тағы бір кәсіпкерлік нысан, «Ясмин Строй сарапшы» ЖШС. Өндіріс құрылыс саласында танымал. Олар пластикалық терезелер, темірбетон сақиналар және металл бұйымдарын өндіреді. Компания «Даму» қорының қолдауы арқасында жаңа технологияларды енгізіп, қызмет сапасын көтере алды. Бүгінде олар Павлодардағы ірі кәсіпорындармен жұмыс істейді. Сенімді серіктес ретінде танылды.

Дамир Сайфутдинов, «Ясмин строй сарапшы» ЖШС директорының орынбасары

Компания 2021 жылы шілде айында тіркелген. Тапсырыс берушілер «Қазақстан алюминийі» АҚ және «Қазхром» ЖШС. Біз кәсіпорындарға терезе өнімдерін жеткіземіз. Одан бөлек жөндеу жұмыстарымен де айналысамыз. Атап айтқанда, пластикалық терезелерді орнату, ішкі әрлеу жұмыстары, бояу және басқа да жұмыстарды жүргіземіз. Компанияда штатта 8 адам еңбек етеді. Бұдан бөлек, қала ішінде және зауыттарда жұмыс істейтін монтаждық бригадаларымыз бар. Ай сайын біз шамамен 800-ден 1000 шаршы метрге дейін терезе өндіреміз.

Ал, Istudy – ағылшын тілі мен IELTS емтиханына дайындайтын білім беру орталық. 2019 жылдан ондаған студентке қажетті балл жинауға көмектесті. Шетелдік университеттерге жол ашты. Орталықта онлайн және офлайн сабақтар өтеді. Тәжірибелі ұстаздар сапалы білім беруге бағытталған. «

Ержан Төлеген, «Istudy» білім беру орталығының директоры

Бізге негізінен 1–11 сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарының 1–4 курс студенттері келеді. Әрине, ересектер де бар, бірақ олардың саны аз.Жалпы штатымызда шамамен 30 адам еңбек етеді. 2022 жылы біз «Даму» қорының қолдауымен осы ғимаратты сатып алдық: қарызды жылдық 6 % мөлшерлемемен алдық. Мұндай бағдарламалардың бар екеніне шын қуаныштымын. Барлық оқытушыларымыз – жергілікті мамандар; шетелдік ұстаздарымыз жоқ. Оқыту сапасына кепілдік беру үшін біз өзіміздің әдістемемізді әзірледік. IELTS – өте логикалық тест, сондықтан дәл осы тестке бағытталған арнайы әдістемені қалыптастыруға шамамен 3 жыл уақыт кетті. Біздің орталықта жыл сайын 200–300 оқушы дайындықтан өтеді.

«Даму» қоры бұл үш кәсіптің табысты болуына ықпал етті. Бүгін бұл кәсіпорындар өңір экономикасына үлес қосып, тұрақты жұмыс орындарын ұсынып отыр.

Сабина Жолдаспаева