5 сәуірден бастап елімізде мопед көлік құралы ретінде тіркелуге тиіс. Енді бұл көлік құралын жүргізу үшін мемлекеттік нөмір, жүргізуші куәлігі және сақтандыру полисін алу керек. Бұған қоса техникалық тексеруден өту міндетті. Осы орайда жол сақшылары Екібастұз қаласында көлік иелеріне жаңа талаптар жайында түсіндірді.
Науқан басталғалы өңірде 174 мопед ресми түрде тіркелді. Бірақ еске сала кетейік заңды елемеген азаматтар айыппұл арқалайды. Егер мопед тіркелмеген болса – 10 АЕК, жалған нөмір қолданса – 15 АЕК, ал жүргізуші куәлігі болмаса – 5 АЕК. Мас күйінде мопед жүргізгендер 15 күнге қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қолданылады. Екібастұз қаласында мопед қатысуымен бір жол-көлік оқиғасы тіркелді. Онда үш кәмелетке толмаған бала дене жарақатын алған. Полицейлердің айтуынша, жаңа толықтыру апаттардың санын азайтады.
Сабина Жолдаспаева