Аймағымызда көктемгі өрт қауіпті кезеңі басталмай тұрып құтқарушылар 91 рейд жүргізді. Өрт қауіпсіздігін бұзған 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Төтеншеліктер өрт қауіпсіздігі ережелерін үнемі түсіндіріп жүргенімен ақарапайым қауіпсіздік сақтамайтын азаматтар көп.

 Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығына сай өңірде өртті алдын алу жұмыстары басталды. Ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөптер мен өсімдіктерді бақылап жағу жұмыстары жүйелі түрде іске асады. 400 гектардан астам құрғақ өсімдіктер өрт қаупін болдырмау үшін жағылды. Бұл жұмыстар қауіпсіздік талаптары сақталған аумақтарда жүргізіледі. Су қоймаларының, бау-бақша мен орман қорларының маңында, елді мекендердің айналасында жалпы ауданы 119 гектар құрғақ шөп шабылды. Темір жол мен автокөлік жолдарының бойындағы орман белдеулерін қазу жұмыстары да жоспарланып отыр. Бұл шара топырақ толық құрғаған кезде басталады. Айта кетейік, өңірде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы мобильді топтар құрылған.

Сабина Жолдаспаева