Өңірімізде ерекше спорт жарысы басталды. Бұл – есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында өтетін жүзуден ел чемпионаты. Сайысқа Қазақстанның 14 аймағынан келген спортшылар қатысады. Толығырақ келесі сюжетте.
Жүзу – денені ғана емес, рухты да шынықтыратын спорт түрі. Бұл сайыс – тәртіп пен төзімділікті талап етеді. Жарыста ересектер мен жасөспірімдер өнер көрсетті. Олар еркін жүзу, брасс, баттерфляй сияқты жүзу түрлерінен бақ сынайды. Және эстафета мен комплексті жүзу бойынша жарыстар өтеді.
Гүлмира Айғожинова, ҚР чемпионаты бойынша сурдожүзуден бас жаттықтырушы
Бұл жарыс – есту қабілеті зақымданған спортшылар үшін ұйымдастырылып отыр. Сайыс арнайы ережемен өтеді. Дауысты ести алмайтын спортшылар үшін жарыс светофорлық жүйеде болады. Яғни, чемпионат басталатын кезде арнайы құрылғы жарық береді. Спортшылар сол белгіні көріп суға секіреді. Бұл чемпионат қаламызда екінші рет өткізіліп отыр. Әр өңірден келген қатысушыларға тегін экскурсия ұйымдастырылды. Таңертен олар жарысқа қатысады, ал түстен кейін шаһарымыздың көрікті жерлерін аралайды.
Чемпионатқа 8 бен 35 жас аралығындағы 130 спортшы қатысып отыр. Әр өңірдің спортшылары тыңғылықты дайындықпен келген. Жарыс олардың шеберлігін көрсетуге және болашақ жетістіктерге жол ашуға үлкен мүмкіндік.
Асылбек Ахметов, Ақтөбе қаласы сурдожүзуден бас жаттықтырушы
Балаларым жеңіс тұғырынан көрінеді деген ойдамын. Осы ЧРКдан кейін Польшада сурдожүзуден чемпионат өтеді. Ары қарай күзде Жапон еліндегі олимпиадаға тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Мен 6 спортшы алып келдім. 3 ересек топ, 3 жастар тобынан.
Сайыс 7-12 сәуір аралығында өтеді. Айта кетейік, бұл – іріктеу жарысы. Ең үздік спортшылар Жапонияда өтетін сурдолимпиадаға жолдама алады. Онда ел намысын қорғайды.
Сабина Жолдаспаева