«Ертіс Орманы» табиғи резерватының орманшылықтары мен өрт сөндіру бөлімшелері енді бұрынғыдан көрікті болмақ. «Таза Қазақстан» және «Парктер шеруі» экологиялық акциялары аясында бұл аумақтарға екі мыңнан астам жеміс-жидек ағаштары отырғызылады. Толығырақ келесі сюжетте.
Бұл бастама қоршаған ортаны жақсартуға және жастардың экологиялық санасын қалыптастыруға бағытталған. Тек жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында резерват қызметкерлері облыстың жеті ауданының мектептерімен бірлесіп, қарағайдың 8 мың тұқымын отырғызған.
Гүлнар Елемесова,«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының экологиялық ағарту маманы
Жаңа жоба аясында орманшылықтар аумағын көркейту үшін 2 мыңнан астам жеміс-жидек көшетін отырғызуды ұйғардық. Бұл экологиялық қана емес, әлеуметтік жағынан да маңызды бастама деп ойлаймын. Алдағы уақытта жергілікті тұрғындар бұл жидектерді өз қажетіне пайдалана алады, сонымен қатар олар жабайы жануарларға да азық болады. Кеше бұл акция «Белгібай» орманында басталды, онда 150 көшет отырғызылды. Ал енді міне жұмыстар Шалдай ауылында жалғасын табуда. Ертең бұл бастамаға Шарбақты ауылының мектептері де қосылмақ. Алдағы уақытта басқа да мекемелер қатысып, өз үлестерін қосады деп ойлаймын.
Ағаш отырғызуға орман шаруашылығы қызметкерлері, жергілікті тұрғындар, еріктілер мен жастар белсенді атсалысты. Осылайша «Ертіс орманы» резерваты да көркейе түспек.
Қымбат Садық