Май ауданы, Малайсары ауылында ұлттық спорт түрлері қарқынды дамуда. Бұл ауылдың көкпар командасы облысқа бұрынан белгілі. Елдімекенде тұлпар мініп, сәйгүлікпен тел өскен, көкпар десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар көп. Ал, ауылда бір жылдан бері «қыз қуу» спорты қолға алынған.

 «Қыз қуу» ежелгі дәстүр. Бүгінде ұлттық спорт түріне айналды. Ежелгі жауынгерлік жосыннан қалған үлкен белгі. Бұнда ер жігіт қана емес, нәзік жанды арудың да ат жалындағы салтанатты болмысы айқын көрінеді.

Малайсары ауылының тұрғындары «Садақ ату» спортына да жаттығу үстінде. Ежеледен тұлпар баптап, сәйгүлік тақымдаған халықтың бүгінгі ұрпағына бұл таңсық та емес.

Малайсары тұрғындары ұлттық спортқа ерекше серпін беріп жүр. Бұл сөзімізге мына мектеп ауласында асық атып жүрген оқушылар дәлел. Сабақаралық үзіліс кезінде осылай бой сергітуді жөн көреді. Жалпы бұл мектепте 100 ге жуық оқушы білім алып жүр. Барлығы да осылай ұлттық рухта өсіп келеді. Білім ордасы толықтай ұлттық бағыттағы тәрбиені насихаттауды қолға алған. Технология пәнінде қыздар өз қолдарымен әр түрлі ұлттық бұйымдар жасауды, оның ішінде ерекше әрленген тақия жасауды әдетке айналдырған.

Жанасыл Серікбол