Май ауданы орталығы Көктөбеде, Жеңістің 80 жылдығы мен ауданның 85 жылдығына арналған аллея ашылды. Оған ауыл ардагерлері, азаматтар мол үлес қосты. Ашылу салтанатына арнамыздың түсірілім тобы да куә боп қайтты.
Өткен жылы Май ауданы 85 жылдық тарихын атап өтті. Сол басқосуда ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтар 85 жылдыққа және Жңістің 80 жылдығына арнап естелік ретінде аллея ашу бастамасын көтерді. Міне, ел игілігіне арналған нысанның ашылуына аудан азаматтары мен меймандар келді.
Қадылжан Сәтиев, Май ауданының әкімі
Бұл іс-шара ауданымыздың тарихына, дамуына үлес қосқан ардақты азаматтарымыз, ағаларымыздың ұсынысы болып, бүгінгі күні іске асырылды. Еліміздің жан жағынан келген қонақтарымызға алғысымды білдіремін.
Шараға осы өңірдің тумасы, ҚР Парламент Сенатының депутаты Ернұр Әйткенов арнайы келді. Оның айтуынша, мұндай шара елге, жерге, ерлікке деген шынайы құрметтің көрінісі.
Ернұр Әйткенов, ҚР парламенті сенатының депутаты
Бүгін міне көріп отырсыздар, осы жерде әртүрлі ағаштар егілді Ол келешек біздің ұрпаққа мұра болып қалады. Бүгін осы ауданнан шыққан түгел азаматтар белсенді араласып, бірліктің арқасында осыны өткізіп отыр. Ол үлкен тағзым елімізге , өз туған жерімізге.
Аллеяға қаражатты ардагерлер өздері жинады. Саяжолға 7 түрлі ағаш тұқымдары егілді. Сондай-ақ оларды үнемі суарып тұратын арнайы құрылғы сатып алынды. Жасыл жолақ ішінде алма, шие, қарағай сияқты көшет түрлері егілді. Өз кезегінде бұл шара «Таза Қазақстан» акциясына қосылған мол үлестің бірі болды.
Ермат Байғұрманов, Май ауданының құрметті азаматы
Ауыл көркею керек. Бұл мәдениет, мәдениетіміз өсетін болса біздің келешегімізде өсетін болады. 7 түрлі ағаш, 200-ден астам түп егілді. Оның бір ерекшелігі әрбір ағаштын түбіне тамшылап тұратын су құбырын жасадық. Бұл мектеп ауласының аумағы, соны қазір мектеп директорына тапсырамыз. Әрі қарай жалғастырып, осыны басқа ауылдарға үлгі қылып басқа ауылдарда жасайтындай деген тілек білдіріп жатыр жерлестер.
Аллеяның ашылу жұмыстары қаңтар айында басталды. Осы елден түлеп ұшқан азаматтар, еліміздің әр өңірінен жиналып, мәз-мейрам болды. Бұл аллеяның ашылуы ерлік ұмытылмасын, туған елге деген құрмет азаймасын дегенді білдіреді дейді қатысушылар.
Майдан Башкенова, Май ауданының құрметті азаматы
Жергілікті халыққа, басшыларға үлкен рақмет айтамын. Осы бастаманы қолдап, барлығы қолұшын берді. Мен ойлаймын бұл үлкен шара. Бұл біржылдық емес, бесжылдық емес, жүзжылдық ескерткіш деп ойлаймын осы ауылға. Сондықтан қуаныштымын. Қайырлы, құтты болсын. Ертеңгі күні жасыл желек өсіп, осы саясында адамдар қыдырып, демалып бізді еске алсын дегендей. Ауылымызды көркейтіп, әдемілендіріп осылай әрі қарай да еңбек жасай беруге тілектеспін.
Жаңа аллея – тек тынығатын орын ғана емес, ел тарихын, батырлықты, бірлікті ұлықтайтын қасиетті мекенге айналмақ.Ардагерлер алдағы уақытта мектеп оқушылары көгалдандыру жұмысын қолға алып, көркейте түседі деп мол сенім артады.
Қымбат Садық