Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармонияның сахнасында қазақ музыка өнерінің алыбы, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Құстар әні» атты концерттік кеш өтті. Кештің басты қонағы – Нұрғиса Тілендиевтің өнерін жалғап келе жатқан қызы, белгілі күйші әрі дирижер Дінзухра Тілендиева болды. Сахна төрінде төгілген әр әуен – халық жадындағы ұлы сазгердің мәңгілік үніне айналып, көрермен көңілінен ерекше орын алды.

Құс қанатында аққудай қалықтап, саумал көктемнің самалына саз байлаған Нұрғиса Тілендиев соңында өшпес із қалдырған ірі тұлға. Саф өнердің саңлағы саналы ғұмырында 500 ден астам ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет, 40-тан астам пьеса мен 20-дан астам фильмдерге музыка жазып, мәңгілік мұра қалдырған. Кештің арнайы қонақтары ретінде Алматыдан ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің кавалері Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухра Тілендиева,Астана қаласынан халықаралық байқаулардың лауреаты Фируза Рахметова өнер көрсетті. Сондай-ақ, қазақтың бір туар перзентінің «Ата толғауы», «Көш керуен», «Махамбет», «Әлқисса» , «Аққу» сынды күйлері мен «Қайран менің жүрегім», «Баянауыл вальсі, «Өз елім», «Алатау», «Әкеме» атты әндері орындалды. Бұл күні филармония залы тыңдарманға лық толды. Жиналған жұрт есті әндермен естелігін жаңғыртып, Нұрғисаның сазды әлеміне тағы бір бойлап қайтты.

Нұғиса атамыздың музыкасы – ұлт рухының айнасы, қазақ халқының жүрегіне жыр ұялатқан сағынышқа толы, ғасырлық ғұмыры бар қайталанбас асыл мұра. Концерттік кеш «Есіңе мені алғайсың» әнімен жалғасын тауып, көрерменге ескі естеліктерді қайта жаңғыртқандай болды.