Ақсу қаласы Жаяу Мұса атындағы көпсалалы жоғары колледжінде Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған жастар форумы өтті. Ол «Қазақстан халқының ұлттық мәдениеті» тақырыбына арналды. Оған әр түрлі этнос өкілдері қатысып, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Толығырақ тілші жалғастырсын.
Жастар форумының басты мақсаты — Қазақстан халқының бірлігін сақтау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және жас буынның отансүйгіштік рухын арттыру. Шара барысында этнос өкілдері ұлттық киімдерін киіп, өздерінің өнерін паш еткен көрме ұйымдастырды. Көрмеге келгендер түрлі халықтың мәдени мұрасымен танысты.
Айнұр Мұхамедьярова, «Amanat» партиясы ПОФ атқарушы хатшысының М.А.
Қазақстан халқының, жалпы басқа ұлттардың біздің достығымыз жарасып жүрсе, бір-біріміздің бірлігіміз болса, басқа ұлттардың азаматтарын қолдап жүрсек, жоғары ұстасақ, барлығымыз бір қазақ тілінде сөйлейтін болсақ, елімізге жарасар еді. Бір-бірімізді қолдап жүрейік.
Форум аясында түрлі этнос өкілдері қазақ тілінде мазмұнды баяндамалар жасап, тіл үйренудің маңыздылығына, қазақ тілі арқылы мәдениеттердің тоғысуына ерекше тоқталды. Жас спикерлер өздерінің тілді меңгеру жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, қазақ тілі — бірліктің тілі екенін ерекше атап өтті. Бұл өз кезегінде жастар арасындағы патриоттық сезімді нығайтып, мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылықты арттырады.
Еврар Шан, Жаяу Мұса атындағы көпсалалы жоғары колледжінің 3 - курс студенті
Қазақ тілін мен кішкентай кезімнен білемін, 5 жасымнан бастап. Менің шешем қазақ. 5 жасыман бастап мен қазақ мектебіне бара бастадым. Қазір көп жерлерде қазақ курстары бар, түрлі ұлт өкілдерін оқытатын. Қазір 20-30 жастағы молодеж сол жерге барады.
Христина Шеляг, Жаяу Мұса атындағы көпсалалы жоғары колледжінің 4 - курс студенті
Менің баяндамамның тақырыбы «Жастар болашақтың қалаушылары». Осы тақырыпты алған себебім, менің ойымша жас мамандар, педагогтар, дәрігерлер жаңа мүмкіндікке ашық адамдар. Мен негізі Май ауданы, Баскөл ауылының тумасымын. Ол жерде тек қазақ мектебі ғана болды. Мұғалімдер мен жостардың қолдауымен қазақ тілін үйрендім.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға этномәдени бірлестіктерден 60 адам, 300-ден астам колледж студенттері қатысты. Форум мерекелік концертке ұласты. Онда өзге ұлт өкілдері өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Айжан Мусатова-Албот, Жаяу Мұса атындағы көпсалалы жоғары колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Мұндай шара колледж тарихында алғаш рет өтіп жатыр. Басты мақсат бір шаңырақ астында тұрып жатқан әр түрлі этностар арасындағы бірлікті нығайтуға одан әрі үлес қосу болды. Біздің студент жастарымызға басқа ұлттардың әндері орындалды, билері қойылды біздің сахнада. Мұның бәрін жастар ұмытпау керек, сол арқылы болашақта ынтымағымызды көтере түседі деп ойлаймын.
Бірлігі жарасқан елдің келешегі жарқын болатыны айқын. Өз кезегінде Ақсу қаласында ұйымдастырылған форум ел болашағын жарқын ететін, бірлігі бекем қоғам қалыптастыру жолындағы тағы бір маңызды қадам болды.
Қымбат Садық