Павлодарда облыстық оқушы волонтерлер слеті өтті. Соңғы кезде бұл бағытқа ден қойылып келеді. Негізі мақсат – игі іс жасауды, мейірімді болуды балалардың бойына ерте жастан сіңіру. Шараға 50-ден астам оқушы қатысты.
Соңғы кезде еліміз бойынша еріктілер ұйымы қарқынды дамып, ерекше қолдауға ие болып жатыр. Жастардың волонтерлікке ерте жастан қызығуы, атсалысуы қуантады. Осы ретте Катаев атындағы оқушылар сарайында жас еріктілер слеті ұйымдастырылды.
Хамида Молдошова, Еңбек ауылдық мектебінің оқушысы
Жалпы волонтерлік маған ұнайды. Өйткені қоршаған ортаға, адамдарға көмектесу өте пайдалы деп ойлаймын. Мен 5 сыныптан бері қызығушылығым оянды, мұғалімдер де алатын болды.
Алдымен, ресми түрде слет ашылып, еріктілер ұйымы жобаларын қорғап, шеберлік сабақтарына барды.
Айжан Оразбаева, М. Катаев атындағы оқушылар сарайының әдіскері
Еріктілер жасақтары үшін бүгін бізде үгіт насихат бригадалары көрсетіледі. Сондай-ақ мастер класстар көрсетіледі: эко волонтерлік, медиа волонтерлік, төтенше жағдайда өзін қалай ұстау керек деген осындай мастеркласстар өткізіледі. Тренер шақырдық, көшбасшылыққа байланысты тренинг өткізеді.
Аталмыш мастер класстарды блогерлер, волонтерлік ұйым басшылары өткізді. Елордадан келген мейман Ақбота Болатбек «Қазақстандағы мектепішілік волонтерлік туралы» ақпарат ұсынады. Сөзінше, «Жас ұлан тим» қозғалысына павлодарлық 500 оқушы енген.
Ақбота Болатбек, «Jas ulan team» республикалық штабының жетекшісі
Жас ұлан тим қозғалысында республика бойынша 5 мыңнан астам волонтер бар. Ең басты бағыттардың бірі экология, эвент волонтерлік, үшінші – медиа волонтерлік. Яғни контент жасау деген бағытты дамытып жатырмыз.
Шара соңында диалог алаңы ұйымдастырылды. Жас волонтерлер слет қонақтарына қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды және алғыс хаттармен марапатталды. Жалпы слетке 11 команда қатысты. Әр топта 5 оқушыдан болды.
Самал Қалиқызы