Өнер мен руханияттың алтын арқауына айналған Абай мұрасы – бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік өнеге. Осы орайда оқушылар «Абай жаққан бір сәуле» атты әдеби-сазды кеш қойды. Шара ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Толығырақ тілшіміз тарқатады.
Абай – тек ақын емес, ол – ұлттың ұстазы. Оның ой-толғаулары мен дүниетанымы – әрбір қазақ баласына бағыт беретін шамшырақ. Әдеби-сазды кеште мектеп оқушылары Абайдың ішкі ойынан құрылған моноспектакль көрсетіп, ақынның «толық адам» концепциясынан бастап, адамгершілік пен парасаттылық туралы ойлары айқын көрініс тапты.
Дана Сәрсенбай, дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның 8- сынып оқушысы
Әр бала Абай Құнанбаевтың бір қара сөзін алып, өз сөзімен қалай түсінгенін көрермендерге түсіндіргісі келеді. Оның ішінде тек қара сөзді ғана айтпай, актерлық күштерімізді қолданып, адамдардың ойына кіре алуымыз керек.
Сонымен қатар, ақынның әндері шырқалып, көрермендерге рухани ләззат сыйлады. Ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен Абай әндерінен попури орындалды.
Нұржан Хәкім, дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатының 7 - сынып оқушысы
Бұл адамды ұлы адам деп санауға болады. Өйткені өзінің еліне көптеген жақсылық, үлкен жетістіктер әкелді.
Абай есімін иеленген гимназия білім ордаларының көшбасында тұр. Қазір мұнда 500-ден астам оқушы ақын шығармаларын жатқа біледі. Оның 180 жылдық мерейтойына арналған шаралар аталмыш білім ордасында молынан өтіп келеді.
Салтанат Шабажанова, дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия директоры
Біздің мектебіміздің түлегі, кезінде «Абайдың жұмбағы» атты романы үшін мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған Рамазан Тоқтаровтың мерейтойы келе жатыр. Біз келесі оқы жылнда атап өтеміз.
Осындай шаралар арқылы жас ұрпақтың жүрегіне хәкім Абайды сіңіре аламыз. Абай – халықпен бірге жасайтын рухани алып. Оның қалдырған мұрасы жас ұрпақ үшін мол байлық.
Қымбат Садық