Тұтынушылардың құқығын қорғау – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Сауда-саттық кезінде сапасыз зат сатып алу, тауар бағасының дұрыс көрсетілмеуі бұдан бөлек басқа мәселелер туындауы мүмкін. Ондай жағдайға тап болғанда, не істеу керек? Бұл туралы тілшіміз баяндайды.

Биылғы жылдың төрт айында департамент қызметкерлері 121 тексеру жүргізді. Оның ішінде сауда саласында 99, ал тұтынушылардың құқықтарын қорғауда 22 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 101 пайызды құрап отыр.

Мәселен, жыл басында картоп пен сәбіздің бағасы шарықтап кеткен еді. Анықталғандай көкөністерге үстемақы қосып саудаланған. Бұны департамент өкілдері мемлекеттік бақылау кезінде анықтады.

Айта кетейік, департамент «Сапалы өнім» жобасын іске асырып отыр. Себебі, тұтынушылар көбіне тауардың сапасыздығына жиі шағымданады. Сондықтан да мамандар әр тауарды сатып аларда сапасына мән беріп, кепілдік құжатын талап ету керектігін жеткізді.

Осыған байланысты, сауда жасағанда мұқият болыңыз. Тауар бағасы витриналарында қойылған жапсырмамен рәсімделген бағадан асса немесе мүлде көрсетілмеген болса, бұзушылықтың суретін және түбіртекті департаментке жібере аласыз. Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Генерал Дүйсенов көшесі 9 мекенжайында орналасқан, «жедел желі» телефоны – 551070, сонымен қатар әлеуметтік желілерде департаменттің парақшалары бар.

Қымбат Садық