Бейжай қарамау кейде бір адамның өмірін құтқаруы мүмкін. Мұны Павлодар тұрғыны Мадина Ибраева дәлелдеді. Ол төртінші қабаттың ашық терезесінде тұрған кішкентай баланы байқап, бірден әрекет еткен. Қырағылығы мен батылдығы үшін Мадина ресми түрде марапатталды.
Оқиға 25 мамыр күні Павлодар қаласындағы Толстой көшесінде орын алды. Төртінші қабаттың ашық терезесінде тұрған кішкентай қызды байқаған тұрғын бірден 112 нөміріне хабарлаған. Құтқарушылар келгенге дейін баланы терезеден алыстатуға барын салды. Құтқару қызметі оқиға орнына тез жетіп, қызды аман-есен алып шықты. Төрт жасар бүлдіршін пәтерде жалғыз болған екен.
Мадина Ибраева, қала тұрғыны
Мен әйелдер клубында жұмыс істеймін. Таңғы жетіде ашыламыз. Шамамен жеті жарымда бір қыздың жылаған даусы естілді. Басында балалар алаңынан деп ойладым. Бір ер адам- дауыс терезеден шыққанын айтып, төртінші қабаттағы қызды көрсетті. Қарасам, кішкентай қыз терезеде тұр. Біз оны ішке қайтуға көндірмек болдық. Қыз терезе қырына аяғын қойып, сыртқа шығуға тырысты. Жылап,анасын сұрады. Сосын құрбым подъезге жүгіріп кіріп, есіктің қасына шақырып алды. Осы сәтте мен бала терезеден секіріп кетпес үшін бақылап тұрдым. Қыз терезеден шегініп, ішке кіріп кетті.
Мадина Ибраеваның жедел әрекеті қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берді. Осыған байланысты Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде ерекше марапаттау рәсімі өтті. ТЖД басшысы Рүстамбек Әмірин оған алғыс хат табыстап, қарапайым тұрғынның батылдығын жоғары бағалады. Азаматтық жауапкершілік пен жедел қимыл көрсеткен тұрғын арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Мадина Ибраева, қала тұрғыны
Мен бірден 112-ге қоңырау шалдым, олар сол мезетте құтқарушыларды жіберді. Патруль де тез жетті. Кейін құтқарушылар менің аты-жөнім мен нөмірімді жазып алды. Ертеңінде маған қоңырау шалып, келуімді сұрады. Барсам, алғыс хат пен гүл беріп, рақмет айтты. Мен бұны ерлік деп есептемеймін. Әр адам осындай жағдайда бейжай қалмауы керек, әсіресе балаларға қатысты болса.
Сондай-ақ, екінші марапатты Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шакенева табыстады. Ол Мадинаның әрекеті балалардың қауіпсіздігіне деген шынайы жанашырлықтың белгісі екенін атап өтті.Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарға кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.
Сабина Жолдаспаева