Тереңкөл ауданының ауылдық округ басшыларының бірі өз күйеуін әкімдікке жұмысқа орналастырған. Мұндай тамыр-таныстық жағдайлары Баянауыл ауданы мен Екібастұздың ауылдық аймағында да анықталған.Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Тереңкөл ауданына қарасты Октябрь ауылдық округі әкімі Әлия Мукурова 2022 жылы басшылық қызметте жүрген кезінде өзінің жұбайын жүргізуші қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдаған. Шенеуніктің өзі түсіндіргендей, бұл бос орынға екі ай бойы лайықты кандидат табу мүмкін болмаған. Осылайша, ол мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзған. Сонымен қатар, ол бұл жағдайды басшылыққа да хабарламаған.
Әлия Мукурова, Октябрь ауылдық округінің әкімі
«Біздің ауылдық округ өте шағын, негізінен шаруа және фермер қожалықтары орналасқан, мұнда жалақы мөлшері 300-400 мың теңге аралығында. Ал жүргізуші қызметіне жалақы аз болғандықтан, ешкім келіспеді. Қызметтік қажеттілікке байланысты күйеуімді жұмысқа алуға мәжбүр болдым»
Облыстық әдеп кеңесінің мүшелері шенеуніктің жұбайы осы жылдар бойы шын мәнінде өз міндеттерін орындаған ба, жоқ әлде тек формалды түрде қызметкер ретінде ғана тіркелуі мүмкін деген сұрақ көтерді. Сонымен қатар, мұндай жағдайды шешу жолдарын да айтты.
Амангелді Хамзин, облыстық әдеп кеңесінің мүшесі
«Әкімдеріңізді қадағалаңыздар. Жүргізушінің болмауы – заң бұзуға себеп емес. Жалақыны мемлекет бекіткен, демек лайықты үміткерді іздеу керек. Егер таба алмасаңыз – өзіңіз жүргізіңіз, 0,5 ставкамен рәсімдеп, қосымша төлеңіз. Барлығында солай, ал бізде бәрі жеке көлікпен артта отыруды ғана қалайды».
Ұқсас жағдай Баянауыл ауданының экономика және қаржы бөлімінде де тіркелген, мұнда мекеме басшысының күйеуі жүргізуші қызметіне қабылданған. Сонымен қатар, Екібастұз қаласына қарасты Төртқұдық ауылдық округі әкімінің аппаратында да әкімнің күйеуінің немере қарындасы статист қызметіне тағайындалған. Олар кінәләрін толық мойындап, кешірім сұрады.
Жанна Узбаева, Баянауыл ауданы экономика және қаржы бөлімінің басшысы
Облыс арасында қашықтық аз емес, сондықтан жүріп-тұру керек болды. Жиі семинарларға, есеп тапсыруға осы облыстық орталыққа келіп отырамыз. Сондықтан, біз жүргізуші іздедік. Жүргізуші боламын деп ниет білдермеген адамдардың болмауына байланысты және сынып тұрған көлік болды, шыны керек уақытша көмек көрсетуге деп сұрап алдым.
Әдеп кеңесінің мүшелері бұл қызметкерлерге тәртіптік жаза ретінде қатаң сөгіс жариялау туралы бірауыздан ұсыныс жасады. Кеңес отырысында келесі мәселе — әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу кезінде мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуын тексеруге бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері болды. Мысалы, Павлодар қаласының құрылыс бөлімі «Ай-Су Мелиорация» компаниясын тізімге енгізуі тиіс болған. Алайда, кешігу салдарынан бұл кәсіпкерлер жаңа келісімшарттар жасап үлгерген.
Қазбек Арантаев, Павлодар қаласы құрылыс бөлімінің басшысы
«Мен заңгер емеспін, сол себепті маманға сенім арттым. Оның айтуынша, біз сот шешімінің заңды күшіне енгені туралы хабарлама алуымыз керек болған. Бұл жайт тек қаңтардың соңында ғана анықталды — осыдан кейін мен ішкі тексеріс жүргіздім, заңгер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал компания адал емес жеткізушілер тізіміне енгізілді. Өз кінәмді мойындаймын — заң бәріне ортақ. Алайда, айта кеткім келеді, менің қызметім барысында мұндай жағдай алғаш рет орын алып отыр.
Этика кеңесі облыс орталығының әкіміне бұл шенеунікке қызметтік сәйкессіздігі үшін тәртіптік жаза қолдануды ұсынды. Жалпы, кеңесте төрт алын-алу мәселесі мен алты тәртіптік іс қаралды.
Қымбат Садық