Бүгінде елімізде қаржылық пирамидалар мәселесі өзекті. Жалған уәдемен жұртты алдап, ақшасын тартып алатын алаяқтардың ең қауіпті тәсілдерінің бірі. Қарапайым халық тез табыс табамын деп сан соғып қалады. Осындай қаржы қылмыстарының белгілері мен салдары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Қаржылық пирамидалар – еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне үлкен қауіп. Олар әдетте инвестиция, кооператив немесе заңды бизнес ретінде көрінеді. Шын мәнінде адамдардың сенімін пайдаланып, ақшасын иемдену мақсатын көздейді. Жыл сайын мұндай алаяқ схемалар көбейіп келеді. 2025 жылдың өзінде осындай бірнеше іс анықталған.

Арман Избастинов, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырушылық-бақылау басқармасының басшысы

Қаржы мониторингі қызметінің басты бағыты – заңсыз жолмен пайда табатындармен күресу. Олардың қатарында – ақша айналымын заңсыз жүргізетіндер, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар мен жалған ақша жасаушылар бар. Сондай-ақ, заңсыз ойынханаларды ашып, жүргізетіндер де қызмет назарында. Соңғы жылдары құқық қорғау тәжірибесі көрсеткендей, бұрынғыдай ұрлық, тонау сияқты қылмыстар азайып келеді. Оның орнына қылмыскерлер алдауға негізделген жаңа тәсілдерге көшті. Қазір қаржылық алаяқтық пен пирамидалар көбейді. Қаржы пирамидалары – ең қауіпті алаяқтықтың бір түрі. Биыл осындай құрылымдарды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты төрт қылмыстық іс тіркелді.

Мұндай алаяқ схемалардың белгілері көбінесе интернетте анықталады. Жыл басынан бері 400-ден астам күдікті сілтеме «Кибернадзор» жүйесіне жіберілді. Сонымен қатар, аккаунт бұғатталды.

Ғалиасқар Қасымов, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары

Алаяқтықтың бұл схемасы арнайы қосымша арқылы жүзеге асады. Адамдар телефонға қосымшаны жүктеп, тіркеледі. Содан кейін банк арқылы ақша аударады. Қосымшада бұл қаражат биржада айналымда жүргендей көрсетіледі. Күн сайын пайызы өсіп тұрады. Адамдар шоттағы соманың көбейіп жатқанын көріп, бәрі дұрыс деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде бұл қаражатқа қол жеткізу мүмкін емес. Қосымшада түрлі жобалар да ұсынылады. Мысалы, бір жобада 15 мың теңге салып, екі аптада екі есе табыс алуға уәде береді. Келесі қадам – басқа адамдарды тарту. Әр кезең сайын адам жаңа салымшыларды әкелуі керек. Мысалы, үй не көлік алу үшін 20 кезеңнен өту қажет. Осылайша алаяқтар ақша айналымын жалғастыра береді.

Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізіледі. Мектеп, университет, еңбек ұжымдарында кездесулер өтеді.

Сабина Жолдаспаева