Павлодарда «Қазақ дәстүріндегі отбасы құндылықтары» атты республикалық танымдық конференция өтті.Оған бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, қоғамда отбасылық институтты нығайту ойларымен бөлісті. Толығырақ тілші тарқатады.
Бұл конференция – дәстүр мен дінді үндестіре отырып, ұрпақ тәрбиесінің рухани негізін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды. Танымдық конференцияға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, құнды баяндама жасады.
Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты мақсаты елімізде құрылған әрбір шаңырақтың аман-есен сақталып, әрбір ерлі-зайыпты бір жастықта қартайып, бақытты болып, жәннәтта бірге өмір сүретіндей бақытты болуды қолымыздан келгенше насихаттау және соған бір үлесімізді қосу. Әрбір үйленген ұл, тұрмысқа шыққан қызымыз бақытты болса біздің арманымыз жоқ шығар. Шын мәнінде әрбір отбасы жер бетіндегі мемлекеттердің іргетасы, сондықтан өмір сүріп жатқан отбасы қаншалықты бақытты болса, сол елдің іргетасыда мықты болмақ.
Қоғам қайраткерлері, зерттеуші ғалымдар баяндамалар жасап, қазақ отбасындағы әкенің рөлі, ананың орны, ұрпақ тәрбиесі, отбасылық береке мен сыйластық туралы мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, қазақтың дәстүрлі тәрбиесі мен ислам ілімі арасындағы сабақтастық кеңінен сөз болды.
Айгүл Маликова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары
Ел бірлігінің іргетасы да, тірегі де тәрбиелі отбасы. Бүгін біздің облысымызда 13 конфенция ресми түрде тіркелген. Олар өздеріннің діни сенімдерін еш кедергісіз, еркін түрде ұстанып, діни-жоралғыларын атқаруда. Мұндай бейбіт жағдай қалыптастыру мемлекетіміздің дұрыс саясат қалыптастыру, халқымыздың толерантталық көзқарасының жемісі.
Отбасы құндылықтарына арналған конференция алғаш рет өткізіліп отыр. Қатысушылар да мұндай шараның мән-маңызы жоғары екендігін айтады.
Әбдмуталиб Омаров, Ақсу қаласының бас имамы
Бүгінгі конференцияның негізгі мақсаты Отан отбасынан басталады деген мәселе ғой. Сол үшін әрбір отбасы дұрыс болса Отанымыз дұрыс болады. Қазіргі уақытта жастар арасында бірін-бірі түсіне алмай, келісе алмай жатып, ажырасып кетіп жататын отбасылар көп болып тұр.
Танымдық республикалық конференцияға қатысушылар ұлттық мәдениетті сақтау және одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстар айтып, отбасылық құндылықтарды дәріптеу жұмыстарын күшейтуге бірлескен ниеттерін білдірді.
Қымбат Садық