Павлодар қаласында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған дәстүрлі спорттық шара өтті. «Динамо – Қазақстан балалары үшін!» ұранымен өткен бұл игі бастаманы облыстық Полиция департаменті мен биыл 100 жылдығын атап өтіп жатқан «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамы бірлесе ұйымдастырды.
10 адамнан құралған 4 команданы ең көңілді спорттық эстафета біріктірді. Физикалық белсенділіктен бөлек, балалар өз-өзіне деген сенімділікті дамытып, командалық рухты сезіне алды.
Рабиға Жүнісова, солтүстік полиция бөлімінің аға-лейтенанты
Жыл сайын кәмелетке толмаған балаларға іс-шаралар өткіземіз. Бүгінгі іс-шаралар балаларды қорғау күніне арналған. Балаларға іс-шараларға қатысу өте қызықты. Бүгін спорттық эстафета өтеді, балалар сыйлықсыз үйге қайтпайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұнда жеңіске жету маңызды емес. Бастысы – эмоция, жаңа таныстық және салауатты болашаққа жасалған қадам. Бүгінгі күннің естелігі ретінде балалар бағалы сыйлықтар мен демеушілер ұсынған тәттілерге ие болды. Шараның ең есте қаларлық сәттерінің бірі – кинологиялық қызметтің төрт аяқты көмекшілерімен танысу болды. Иттер із кесу және бағыну дағдыларын көрсетіп, балалардың қызығушылығын тудырды.
Қымбат Садық