Павлодар қаласы, Камзин көшесі, 72-үйдің тұрғындары екі айдан бері жертөледе жиналған судан зардап шегуде. Ылғалдың салдарынан пәтерлер көгеріп, жағымсыз иіс пайда болған. Тұрғындар денсаулықтарына алаңдаулы. Олар бірнеше рет тиісті мекемелерге жүгінгенімен, мәселе шешілмей келеді.
Камзин көшесіндегі 72-үйдің жертөлесінде сәуір айынан су жиналып тұр. Алғашында бұл жағдайды жер асты суларымен байланыстырған. Алайда су мен жағымсыз иіс тұрғындарды әбден мезі қылған. Бұған қоса, егеуқұйрық қаптап кеткен.
Дарья Власова, Павлодар қаласының тұрғыны
Біз егеуқұйрықтармен де күрестік. Ылғал, егеуқұйрықтар, тіпті үйімде кене пайда болды. Бұл толық антисанитария. Уақыт өте келе мәселе ушыға түсті. Қазір подъезде жағымсыз иіс бар. Мен 9-қабатта тұрамын, бірақ есікті ашқанда бұл иіс сезіледі.
Қала әкімдігінің өкілдері бұл мәселенің Естай көшесінен Циолковскийге дейінгі бірнеше көшеде байқалатынын айтты. Негізгі себеп жер асты суларының деңгейінің көтерілуі. Қазір артық ылғалды көлге бағыттайтын дренаж жүйесінің жобасы дайындалуда.
Әнуарбек Аманов, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары
Біз конкурс жарияладық. Осы аптада нәтижелерін күтеміз. Содан кейін Бекмаханов көшесінен Толстой көшесіне дейін дренаж жүйесін орнату жұмыстарына кірісеміз.
Тұрғындармен кездесуде жылу трассасында ақау болуы мүмкін деп айтады. Әкім орынбасары мұндай өтініштердің түскенін растады. Коммуналдық қызмет жылу камераларын кезең-кезеңімен құрғатып, диагностика жүргізуді жоспарлады.
Алдағы уақытта жылу камералары мен құдықтардағы судың деңгейін төмендету жұмыстары жалғасады. Қала билігі бұл мәселені шешуге уәде берді.
Сабина Жолдаспаева