Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы дезинсекциялық шаралар белсенді түрде жүргізілді. Шағын авиация қолданылып, масалардың жойылуына басымдық берілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Биыл облыс аумағында 172 мың гектар жерге авиациялық өңдеу жүргізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 мың гектарға артық. Жұмыстар 29 сәуір мен 31 мамыр аралығында өтті. Осы аралықта 448 ұшу жүзеге асырылды. Оның ішінде 293 биологиялық, ал 155 ұшу -химиялық препаратпен өңделген.
ДИЯР ҚАЙЫРКЕНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ СУ РЕСУРСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Көктемгі уақытта өзен-көлдердің маңындағы аймақтар суға толған соң, ең алдымен маса дернәсілдеріне қарсы биологиялық препараттармен өңдеу жасалады. Авиация жете алмайтын күрделі аумақтар арнайы бүріккіш құралдармен жерүсті әдісімен өңделді. Авиацияны пайдалану — өте тиімді тәсіл. Ғалымдардың айтуынша, өңдеу жұмыстарының тиімділігі 90 пайызға жуық. Жалпы жағдай тұрақты. Ғылыми топ күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Мердігер ұйымдар да өз жұмыстарын күн сайын атқарады.
8 мамырдан бастап Тереңкөл мен Ақтоғай, 14 мамырдан бастап Ертіс пен Железин аудандарында шыбын-шіркейге қарсы авиаөңдеу жұмыстары басталған. Одан бөлек, жергілікті өзен арналары бойынша да жұмыс атқарылды. Павлодар қаласындағы Усол бөгетінің аумағынан дезинсекциялық шаралар басталып, бүгінде облыстың барлық аудандары қамтылды.
ДИЯР ҚАЙЫРКЕНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ СУ РЕСУРСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінде өзендердегі өңдеу жұмыстары толық аяқталды. Өңдеу үш кезеңмен жүргізілді. Бірінші кезең 13-14 мамырда басталды. Барлық кезеңде де биологиялық препараттар қолданылды. Алдын ала белгіленген 10 негізгі нүкте қамтылды. Ең жоғарғы нүкте — Бесқарағай, ал ең төменгісі — Майсеевка ауылы. Сонымен қатар, 7 өзен тармағы жергілікті түрде өңделді. Олар — Тюлька, Талинка, Каратунь, Орловка, Подстепка, Белая және Теплая. Барлық жұмыс аяқталды. Бұл — маса дернәсілдеріне қарсы бағытталған шара. Бұған қоса, үшінші кезең ретінде жағалаудағы елді мекендерде күнделікті тосқауылдық өңдеу жүргізіледі. Бұл жұмыстар 8 мамырда басталды және облыстағы 59 елді мекенді қамтиды.
Облыс орталығында кешкі уақытта шыбын-шіркейге қарсы өңдеу күн сайын жүргізіледі. Бұл жұмыстар теміржол көпірінен бастап шаңғы базасына дейінгі аумақты және Усолка шағын ауданын қамтиды. Сонымен қатар саябақтар мен көшелер өңделеді.
Сабина Жолдаспаева