Екібастұз қаласында алғаш рет жұмысшы мамандықтарында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге арналған «Еңбегі жанған арулар» атты форум ұйымдастырылды. Бұл іс-шара жұмысшы мамандықтар жылы аясында қала әкімдігінің қолдауымен және Іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен өтті. Бүгінде Екібастұзда 6 мыңнан астам әйел түрлі салада еңбек етіп келеді.

Ерекше форматта өткен форумға 120-дан астам іскер әйелдер қатысты. Бұл жиын – тек қана тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сондай-ақ қаланың, тіпті тұтас елдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген еңбекқор арулардың еңбегін құрметтеуге бағытталған.

ШЫНАР БЕЙСЕМБИНА, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ

Форумға Екібастұздағы қала құраушы кәсіпорындарының өкілдері қатысып жатыр. Бүгінгі салтанатты жиында біздің талмай еңбек етіп жүрген әйелдерге құрмет көрсетіледі..3:42

Людмила Дускажинова Аналитик ретінде «Шығыс» кенішінде еңбек етеді. Ол ғұмырының жартысын осы салаға арнаған.

ЛЮДМИЛА ДУСКАЖИНОВА, «ШЫҒЫС» КЕНІШІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ

Бұл форум алғаш рет өтуде. Бүгін бізге осы форумның мүшесі болу бақыты бұйырды. Мен техникумнан кейін 1990 жылы жұмысқа орналастым.Жұмыс істеп жатқаныма 35 жыл болды.

Ал Эльмира Фисак – жобалар бойынша аға технолог. Ол өндіріс саласында түрлі жобаларды жүзеге асырып келе жатқанына 20 жылға жуық уақыт болды.

ЭЛЬМИРА ФИСАК, «KAZ MINERALS» ЖОБАЛАРЫ БОЙЫНША АҒА ТЕХНОЛОГ

Менің ойымша, өндірістегі әйел – жай ғана қызметкер емес. Олар – идеяны жүзеге асыра алатын, қарым-қатынас орната білетін жандар. Бұл – ауқымды оқиға. Өндірістегі әйелдерге арналған алғашқы форум. Мұнша әдемі әйелдер жиналғанына өте қуаныштымын!.

Бүгінде Екібастұз және оған қарасты ауылдық аймақтарда 70 мыңнан астам әйел тұрады, олардың 6 500-і түрлі кәсіпорындарда жұмыс істеп келеді.

АЯН БЕЙСЕКИН, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

Қазіргі қоғамда әйелдер тіршіліктің тірегі бола тұра, үйдің ұйытқысы бола тұра еліміздің дамуына үлес қосып жатырсыздар. Екібастұз қаласының әйелдері ер азаматтармен тең дәрежеде қызмет етіп келесіздер.

Сондай-ақ,форумда өз саласында жетістікке жеткен өңір әйелдерінің жарқын мысалдары келтірілді.

АУРИКА ДЯК, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

2025 жыл – ерекше жыл. Қауымдастығымыздың құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы 30 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатырмыз.. Бүгін – еңбекші әйелдер күні. Бүгінгі күні түрлі мамандықты игерген жандардың көмегінсіз өмір сүру мүмкін емес, жұмысшы мамандықтары – барлық кәсіптің негізі.

Форум қатысушыларының пікірінше, қазіргі таңда әйел – тек шаңырақтың шырайын кіргізуші ғана емес, кәсіби ортада да биіктерді бағындырып жүрген әмбебап тұлға. Олар – жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті шебер сақтай білетін нағыз жан-жақты жандар.

Дильназ Куанышбекқызы