Құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидасы – әділетті қоғам құрудың маңызды қадамы болып табылады. Осы мақсатта Павлодарда құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның барысында жадынамалар таратылып, ескерту жұмыстары жүргізілуде.
Қоғамда кішігірім ереже бұзушылыққа көз жұма қарау – оның одан әрі өршіп, ауыр қылмыстарға әкеп соғуына себеп болуы мүмкін. Мысалы, қоғамдық орында темекі шегу, қоқыс тастау немесе тәртіпсіздік жасау – бастапқыда ұсақ құқықбұзушылық болып көрінгенімен, осындай әрекеттер ескерусіз қалса, заңға деген немқұрайдылықты тудырады. Мұның алдын алу үшін өңірімізде 16-26 маусым аралығында жедел-профилактикалық шара басталды.
Жедел-профилактикалық шара басталғаннан бері түрлі баптармен 61 адамның құқық бұзушылық жасағаны анықталды. Жалпы, жыл басынан бері өңірде 3000-нан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Осы мақсатта қызметкерлер Павлодар сапаржайындағы адамдарға жадынамалар таратып, «мүлдем төзбеушілік» қағидатын түсіндірді.
Құқықбұзушылыққа нөлдік қағидасын ұстану арқылы біз тек қана қауіпсіз ортаны қалыптастыра аламыз.Сондықтан күн сайын тиісті сала қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қадағалайды, жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камералары арқылы да қауіпсіздік бақыланады.
Қымбат Садық