Павлодар қаласындағы «Динамо» спорт кешенінде самбо күресінен әскери бөлімдер арасында дәстүрлі жарыс өтті. Бұл шығыс өңірлік құрылымдар арасында ұйымдастырылған жиырма үшінші спартакиада. Шара әскери қызметшілердің дене дайындығын арттырып, кәсіби шеберліктерін шыңдауға бағытталған.

Жарысқа Павлодар қаласындағы екі әскери құрылыммен қатар, Семей, Өскемен және Курчатов қалаларынан келген әскери бөлімдер қатысты. Спартакиаданың басты мақсаты мықты балуандарды анықтап, алдағы ірі додаларға іріктеу өткізу. Сонымен қатар, бұл сайыс қатысушылардың төзімділігін, рухани жігерін шыңдайды.

Айбек Арыстанбаев, Павлодар қаласы 6679 әскери бөлімінің командирі

Бұл жаққа шығыс өңірлік әскери бөлімдерінің спортшылары қатысады. Оларға осы жарыста жеңіс тілейміз. Алдағы уақытта өздерінің күш білектерін көрсетеді деген сенімдемін.

Жарысқа қатысушылар тыңғылықты дайындықпен келген. Әрқайсысы оқу-жаттығу жиындарында машықтанып, өз өңірінің намысын абыроймен қорғауға тырысты.

Медет Рахат, Семей қаласы 5511 әскери бөлімінің дене шынықтыру және спорт бастығы

Біздің бөлімде бұл жарысқа үлкен дайындық жүргізілді. Бір ай бойы оқу-жаттығу жиындарында шеберлігімізді арттырдық. Бүгінгі турнирге мықты құраммен келіп отырмыз.

Бұл жарыс алдағы уақытта Түркістан қаласында өтетін Ұлттық ұлан чемпионатына жолдама беретін іріктеу кезеңі. Спортшылар үшін бұл дода маңызды тәжірибе алаңы саналады.

Сабина Жолдаспаева