Павлодарда кітап фестивальі өтті. Онда кітапсүйер қауым үшін жәрмеңке ұйымдастырылды. Әр түрлі кездесу шаралары өтті. Үздік оқырмандар марапатталды. Тілшіміз жалғастырсын.

Жалпыреспубликалық кітап фестивальі мәртебелі оқырмандарды марапаттау рәсімімен басталды. Кітап қоғам үшін, адам үшін жазылады. Бүгінде ұзақ уақыт роман не болмаса, өзге де көлемді еңбектерді қажымай, талмай оқитындар саны аз. Десе де апта сайын, күн аралап кітапхана төрінен табылатын оқырмандар баршылық.

Жасы үлкен қарт оқырмандар да, жастар да облыстық кітапхананың сый тартуына ие болды. Әрқайсысының талғамы әр түрлі. Бірақ, баршасы бір ғана мақсат бар екендігін айтады. Ол - жаныңды тәрбиелеу, ішкі адамдық мәдениетінің қалыптастыру.

Ал, кітапхана сыртында жәрмеңке ұйымдастырылды. Оқырмандарға «Сенімен болашақ» бірлестігі және Қарағанды қаласындағы «Қасым» баспасы шығарған кітаптар ұсынылды. Жанрлар әр түрлі. Көбі көркем әдебиет. Қазақ және басқа да танымал шет ел авторларының туындылары. Психологиялық, философиялық, педагогикалық еңбектер де бар.

Сонымен қатар, «Кітап TIME» фестивалі аясында жұмысшы мамандықтар да насихатталды. Оқушыларға қала колледждері өздері оқытатын еңбек мамандықтары жөнінде кеңінен әңгімеледі. Бұл мамандық бағдарлау жобасы аясындағы шаралардың бірі болды. Облыстық кітапханада кітапты насихаттауға арналған өзге де шаралар күні бойы жалғасты.

Жанасыл Серікбол