Павлодарда алғаш рет құрсақ қуысы мен жамбас ағзаларына аз инвазиялық әдіспен жасалатын операциялар бойынша шеберлік сабағы өтті. Екі күнге созылған оқыту курсын Мәскеуден арнайы шақырылған жетекші онкохирург Александр Жауғашев жүргізді.

Шеберлік сабақ аясында күрделі операциялардың заманауи лапароскопиялық әдістері көрсетілді. Бұл тәсілдер ішкі ағзаларға минималды жарақатпен араласуға мүмкіндік беріп, науқастардың қалпына келу үдерісін айтарлықтай жеңілдетеді.

Александр Жауғашев, Мәскеу қаласындағы «фомина» клиникасының жетекші онколог-хирургі

Павлодарда бірінші рет осындай шеберлік сабағын өткізейін деп отырмын.Шеберлік сабағында 5 түрлі операция жасалатын болады.Осы операциялардың біразы Қазақстанда жасалмайды.Бірер клиникаларда жасалуы мүмкін.Сондықтан Павлодарда күрделі операциялар жасалса деймін.Бүгін екі операция жасаймыз Солардың бірі қуық ісігіне операция жасаймыз.Бұл қазіргі таңда керекті операциялардың бірі.

Шеберлік сабағы аясында құрсақ және жамбас қуысы ағзалары мен ұйқыбез ісіктерін аз инвазиялық тәсілмен емдеу жолдары қарастырылды. Айта кету керек, кейбір лапароскопиялық операция түрлері Қазақстанда тек екі клиникада ғана жасалады. Енді мұндай жоғары технологиялы операциялар Павлодарда да қолжетімді болмақ.

Ульфат Боромбаев, жалпы онкология бөлімінің меңгерушісі

Жауғашев Александр Ералыұлын шақыруды біраз уақыттан бері жоспарғалан едік. Сондықтан арнайы Астанаға барған болатынбыз. Оны тек Қазақстан ғана емес, көршелес елдерде өте жақсы таниды. Оның ютубта түрлі операция жайлы үйрететін ютуб каналы бар. Онда лапароскопиялық әдіспен жасалатын операциялар жайлы толықтай түсіндіріледі.

Іс-шараның басты мақсаты — медициналық қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру, заманауи технологияларды енгізу арқылы өңірдегі онкологиялық көмектің сапасын жақсарту.

Ульфат Боромбаев, жалпы онкология бөлімінің меңгерушісі

Бұл мастер-класс әсіресе жас хирургтарға өте пайдалы болады, олар шабыт алып ары қарай білімдерін шындайтын түспек,мұндай мүмкіндіктер күнде бола бермейді.

Жалпы, 2025 жылдың 8 айында өңір бойынша онкологиялық аурулармен диспансерлік есепте тұрғандар саны 14 мыңнан асты. Жыл басынан бері алғаш рет анықталған жаңа жағдайлар – 1 537, оның ішінде 46-сы ұйқыбез обырына қатысты. Осы кезеңде 6 328 науқас ем алып, 1 166 операция жасалған, оның 312-сі құрсақ қуысы ағзаларына, ал ұйқыбезге —5 операция жасалған.

Дильназ Қуанышбекқызы