Павлодарда жастарға арналған бос жұмыс орындарының кезекті жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шара Жастар бастамаларын дамыту орталығында өтті. Бұл жолы 20-ға жуық ұйым мен кәсіпорын қатысып, 200-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Ал жұмыс іздеп келгендердің саны 80-ге жуықтады. Шараға негізінен колледж және университет студенттері келді.

Мұндай жәрмеңкелердің мақсаты жұмыс іздеп жүрген жастар мен жұмыс берушілерді бір жерде тоғыстыру. Әрбір жас маман өз саласы бойынша немесе қосымша табыс табуға мүмкіндік беретін жұмыстар жайлы мәлімет алды. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жыл сайын бірнеше рет өтіп, жүздеген азаматқа еңбек нарығында өз орнын табуға көмектеседі.

Жансұлу Айтжан, жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы

Бүгінгі бос орындар жәрмеңкесі жұмысы жастар күні және еңбек күніне орай ұйымдастырылып жатыр. Біз колледж және университ студенттерін шақырдық. Бүгінгі күні 20 ға жуық жұмыс берушілер келді. 80ге жуық жұмыс іздеушілер келді.

Жәрмеңке барысында келген жастарға түрлі сала бойынша кеңестер берілді. Біреулер жеңіл жұмысқа орналасу жолдарын сұрады, енді бірі мамандығына сәйкес қызмет табуға тырысты.

Максим Ли, студент

Біз топ болып алғаш рет жәрмеңкеге келдік. Бұл біз үшін жаңа тәжірибе. Қазір биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқып жатырмыз. Келешекте жұмыс табуды ойлап жүрміз. Кейбіреулер ауылдан іздейді, өйткені ол жақта жұмыс пен жалақы көбірек. Ал мен өзім қалада жұмыс істегім келеді.

Жәрмеңке жастарға тек жұмыс іздеуге ғана емес, болашақ кәсіби бағытын айқындауға да көмектесті. Өткен жылы осындай шаралардың нәтижесінде өңірдің жүздеген тұрғыны тұрақты қызметке орналасқан.

Сабина Жолдаспаева