Мемлекет басшысы жариялаған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Павлодар қаласының мектептерінде маңызды бастама жүзеге асты. Қалалық ішкі саясат бөлімі, полиция басқармасы және «Жасыл ел» студенттік жастар штабы бірлесіп «Қауіпсіз жол» флешмобын ұйымдастырды. Шараның мақсаты балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жастардың құқықтық санасын арттыру.
Таңнан бастап қаладағы бес мектептің алдында оқушылар мен тәртіп сақшылары жол бойына шықты. Олар жүргізушілерге мектеп маңында жылдамдықты төмендету, жаяу жүргіншілерге жол беру қажеттігін еске салды. Шара аясында балаларға жолдан өту ережелері түсіндірілді. Бұл бастама қоғамға балалардың қауіпсіздігі – баршаның ортақ жауапкершілігі екенін көрсетеді.
Тимур Нұркешов, Павлодар қаласы білім беру бөлімінің басшысы
Мектептің алдында жолда жүрген кездегі жылдамдықты сақтау мақсатында ұйымдастырылып жатыр. Негізгі мақсатымыз-балалардың қауіпсіздігі. Жуырда мектептің алдынан өткенде жолда жылдамдықты 20 км дейін төмендету заң жүзіне енетін болады. Осы бойынша біз жүргізушілерге үндеу жасаймыз. Барлығымыз балаларды қорғайық, балаларға сақ болайық. Яғни, мектеп маңынан өткен кезде жылдамдықты азайтайық.
Әр мектептен 30-дан астам оқушы жол жиегінде арнайы киім киіп, «Заң және тәртіп» жазуы бар плакаттар ұстады. «Жолдағы қауіпсіздік – біздің ортақ міндетіміз», «20 км/сағ-тан асырма» деген ұрандар жазылған жазбалар жүргізушілердің назарын аударды. Павлодар қаласының №9 мектеп оқушылары флешмобқа қатысып, бастаманы белсенді қолдады.
Кристина Прохоренко, 7-сынып оқушысы
Бүгін біз «Заң және тәртіп» акциясына қатысып жатырмыз. Барлық жүргізушілерді жол ережесін сақтауға шақырамыз. Мектепте бізге жолдан қалай дұрыс өту керектігін үнемі түсіндіреді.
Амерхан Темірғалиев, 7-сынып оқушысы
Біздің мақсатымыз – жүргізушілер жол ережесін сақтаса дейміз. Мектеп жолдың қасында орналасқан, сондықтан қауіпсіздік бірінші орында. Мұнда бағдаршам бар, бәрі тәртіппен болғанын қалаймыз.
Флешмоб әрі қарай химқалашық шағын ауданында жалғасты. ІІМ оқу орталығының 80-ге жуық тыңдаушысы акцияға қосылды. Олар да арнайы киім киіп, жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырған жазбаларын ұстады.
Абылайхан Алпысбай, Павлодар қаласы жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары
Президент жариялаған «Заң және тәртіп» қағидаты барлық салада жүзеге асуда. Полиция басқармасы мұндай шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Оған рейдтер де, профилактикалық түсіндіру жұмыстары да кіреді. Бүгінгі флешмоб та осының бір дәлелі.
авлодарда өткен флешмобта оқушылар, студенттер және тәртіп сақшылары жолдағы қауіпсіздікке баса назар аударды. Шара балаларға жол ережесін үйретіп, жүргізушілерге сақ болудың маңызын көрсетті.
Сабина Жолдаспаева