Павлодар облысында жыл басынан бері түнде ересектердің қарауынсыз жүрген мыңға жуық жасөспірім анықталған. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері жастармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгін «Электроника және коммуникацияның жоғары колледжінде» өткен «Қауіпсіздік сабағында» студенттерге заң талаптары мен жауапкершілік жайлы айтылды.
Мұндай кездесулер аймақтағы мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында тұрақты түрде өтеді. Негізгі мақсат – жасөспірімдерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы ескерту. Полиция қызметкерлері нақты өмірлік мысалдар келтіріп, жастармен ашық әңгіме жүргізді.
Арлан Саттыбаев, студент
Бүгінгі лекциядан біз негізгі қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктің не екенін түсіндік, білдік. Одан бөлек, оған қалай түспеу керектігін айтып берді.
Кездесуде есірткі қылмыстарының алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Полицейлер жасөспірімдерге күдікті затты немесе «жасырылған белгі» көрген жағдайда алмай, дереу 102 нөміріне хабарлауды ескертті.
Нұржан Байбөринов, Павлодар қаласы полиция басқармасының есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы
Жалпы қоғамда есірткіге деген көзқарас теріс болуы тиіс. Ең бастысы – оған әуестенбеу, қолданбау, сатуға жол бермеу. Биылғы жылдың өзінде Павлодар облысында 180-ге жуық есірткі қылмысы тіркелді. 50 адам сотталды, оның төртеуі кәмелет жасқа толмағандар. Заң өте қатаң. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сот шешімі 7 жылдан бастап бас бостандығынан айыруды көздейді.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасыз жүруіне қатысты ережелер де түсіндірілді. Облыста жылдың басынан бері осындай 1000-ға жуық құқық бұзушылық тіркелген.
Махаббат Топанова, Павлодар қаласы солтүстік полиция бөлімінің жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторы
Әкімшілік кодекстің 442-бабына сәйкес, алғаш рет ескерту жасалады. Егер бір жыл ішінде қайталанса, ата-аналарға 5 айлық есептік көрсеткіштен, 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Біз рейдтерге шығып, ойын-сауық орындарында жүрген кәмелет жасқа толмағандарды анықтаймыз. Кейбірі жасырынуға тырысады. Мұндай жағдайда ата-аналары шақырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Биылдың өзінде 40-тан астам ата-ана балалары ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін жауапқа тартылды. Заңды өкіл болып тек ата-аналар немесе қамқоршылар ғана саналады.
Инспекторлар кәмелет жасқа толмағандарға қатысты қылмыстық жауапкершіліктің 14 жастан, ал әкімшілік жауапкершіліктің 16 жастан басталатынын еске салды.
Сабина Жолдаспаева