Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Көрсеткіштер – тұрақты, кей салаларда айтарлықтай өсім байқалады. Бұл жөнінде орталық коммуникациялар орталығында айтылды.
Өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік те серпінді даму үстінде. Бүгінде олардың саны 56 мыңнан асып, бір жыл ішінде 1 пайызға өскен. Ал Павлодар облысы халқының жалпы саны – 748 748 адам. Соның 71 пайызы – қала тұрғындары, ал 29 пайызы – ауылдық елді мекендерде тұрады.
Сауда саласы – экономиканың қозғаушы күші. Облыста бөлшек сауда айналымы 4,4%-ға ұлғайып, 314,6 миллиард теңгеге жетті. Ал көтерме сауда көлемі 466 миллиард теңгені құрап, бір жылда 38 пайызға артқан.Бірақ, көлік және логистика саласында кері динамика бар. Жүк тасымалдау көлемі 20,5%-ға азайған. Сарапшылар бұл көрсеткішке маусымдық факторлар мен инфрақұрылымдық шектеулер әсер еткенін алға тартады.
Облыс тұрғындарының орташа айлық жалақысы 399 мың теңгеге жетіп, 16%-ға өсті. Дегенмен, баға да өсе түскен. Тұтыну бағаларының индексі 107,1%-ды құрап отыр. Ақылы қызметтер мен азық-түлік бағасы шамамен 8%-ға қымбаттаған.Күнкөріс минимумы – 51 776 теңге. Бұл – республикалық орташа көрсеткіштен сәл төмен. Сарапшылардың айтуынша, Павлодар облысы алты айдың ішінде экономикалық тұрақтылықты сақтап қалды. Өсім бар, қарқын бар – ендігі мақсат осы үрдісті жылдың екінші жартысында да жалғастыру.
Дильназ Қуанышбекқызы