Мамандықты ауыстыру еш уақытта кеш емес! Павлодарлық Анастасия Цечоева өмірінің бағытын күрт өзгертіп, мүлде басқа салаға бет бұрды. Кеше ғана тұтынушыларға тауар ұсынған қыз, бүгінде болатпен жұмыс істейтін дәнекерлеуші. Қарапайым сатушыдан шебер маманға айналу жолы қалай басталды? Толығырақ келесі материалда.

Анастасияның бұл зауыттағы еңбек жолы небәрі бірнеше ай бұрын басталған. Кәсіпорын түрлі металл конструкцияларын жасайды. Бір ауысымда жұмыс жеңіл бөлшектерден бастап, ірі құрылымдарға дейінгі тапсырмалармен толығады.

Анастасия Цечоева, дәнекерлеуші

«Жалпы, дәнекерлеуші мамандығында мен өзімді таптым деп ойлаймын. Мінезіме сай келетін жұмысты іздеген едім. Сонымен қатар, осы салада өсу мүмкіндіктері мені таңертең тұруға ынталандырады. Айтпақшы, бұл өте қызықты жайт: кей адамдар өз жұмысына құлшыныссыз қарайды — ал менде ондай жағдай бірде-бір рет болған емес. Бұл жерде мен жұмыс істемеймін — демалып жүргендеймін.»

Кезінде саудада еңбек еткен Анастасия уақыт өте келе тұрақты, сұранысқа ие және қызықты мамандық іздей бастайды. Талдау жасап, дәнекерлеуші мамандығына тоқталады. Кәсіптік оқу курсынан өтіп, арманын іске асырады.

Анастасия Цечоева, дәнекерлеуші

«Шынымды айтсам, сәл қорқыныш болды: “қолымнан келмей қала ма?”, «талаптарға сай бола алам ба?” деп уайымдадым. Бірақ ақыр соңында бәрі ойдағыдай болды — қорқынышты емес екен, соған лайық еді. Мұнда мықты мамандар жұмыс істейді, олар көмектеседі, бағыт береді, жаныңда тұрып көрсетіп отырады. Білесіз бе, дәнекерлеуші мамандығы — дәрігер мамандығы сияқты, жынысқа бөлінбейді. Жалпы, мамандықта гендерлік шектеу болмауы керек. Бұл көбіне адамның ойындағы кедергі ғана. Қыздарға айтарым — қорықпаңыздар. Бұл керемет, қызықты, шынымен де қызықты сала. Бұл жерде олар өз орнын табады және жақсы бағытта дами алады.»

Анастасия бұл тек ерлерге арналған жұмыс деген қасаң пікірді ол жоққа шығарады. Алғашқыда оның туыстары бұл шешіміне күмәнмен қараған. Алайда Анастасияның табандылығы мен жігерінің арқасында бүгінде олар оның жетістігіне қуанып отыр.

Анастасия Цечоева, дәнекерлеуші

Маған бірден: “Бұл — сенің ісің емес” деді. Бәлкім, дәл осы сөздер менің қолымнан келетініне дәлелдегім келуіне себеп болған шығар. Қазір бәрі таң қалып, қуанып жүр. Бұл жерде өсуге керемет мүмкіндіктер бар — кәсіпорын оқуға түсуге көмектеседі, түрлі бастамаларды қолдайды. Әзірге қиын емес.

Металл конструкциялар — бұл жай ғана құрылыс бөлшектері емес. Олар — заманауи нысандардың тірегі. Анастасия сияқты жас мамандардың арқасында еліміздің өндірісі жаңа серпін алып келеді.

Дильназ Қуанышбекқызы