Қараусыз жайылып жүрген мал- жол апатына себепші. Жергілікті полицияның дерегінше, жыл басынан бері мыңға жуық мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Мәселен, Май ауданында 70 азаматқа шара қолданылып, 148 бас мал арнайы айып тұрағына қамалған. Аудан аумағында қараусыз жүрген малдың кесірінен үш жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның бірі Атамекен мен Курчатов арасындағы тас жолда түнгі уақытта болған. Жүргізуші жол шетінде жайылып жүрген малға соқтығысқан. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Қазіргі таңда малдың иесі анықталып, тиісті шаралар қабылданып жатыр. Полицейлер ауыл тұрғындарын малды тек бақташының бақылауымен немесе қоршалған жерлерде жаю қажеттігін ескертеді. Тәртіп сақшылары тұрғындарды қырағылық танытып, мал ұстау тәртібін қатаң сақтауға шақырады. Қазір өңірде қараусыз малға қатысты тексерістер мен рейдтік іс-шаралар жалғасып жатыр. Мал ұстаушы әр азамат өз жауапкершілігін сезініп, жануарларды күтіп-бағу ережесін орындауға міндетті.
Дильназ Қуанышбекқызы