Тереңкөл ауданында орман өртіне қарсы трансшекаралық оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған өрт сөндірушілермен бірге еріктілер, жергілікті атқарушы мекемелері, медицина қызметкерлері, сондай-ақ, Ресей Федерациясы Новосібір облысының өрт сөндіру қызметінің өкілдері қатысты.
Алдымен екі елдің әнұраны орындалып, оқу-жаттығу жиыны салтанатты түрде ашылды. Сосын, новосібірлік қонақтарға Павлодар облысының өрт сөндіру саласындағы материалдық-техникалық базасы, мүмкіндіктері мен жетістіктері көрсетілді. Қонақтар әрбір техника туралы мәліметті тыңғылықты тыңдап, мол ақпарат алды. Шараға Тереңкөл ауданының әкімі де қатысып, сәттілік тіледі.
Оқу-жаттығу жиынына жергілікті атқарушы мекемелер, еріктілер, апаттық медицина, санавиация мамандары да қатысты. Барлығы да адам өмірін сақтау жолында күресетін бейбіт күннің майдангерлері. Тілсіз жаудың әлегі мол. Ал, жалын арасынан адам жанын құтқару әркез қастерлі миссия саналады.
Арыстан Сапарғалиев, Тереңкөл аудандық ауруханасының фельдшері
Бұндай халықаралық деңгейдегі жаттығу жиыны жылына бір рет өтіп тұрады. Аудандық, облыстық деңгейдегі тактикалық жиындар да болып тұрады. Орман, дала өртін сөндіру, су тасқынына қарсы осындай шаралар ұйымдастырылады. Соның бәріне қатысып, тәжірибемізді шыңдап отырамыз.
Жаттығу сценариі бойынша Трафимовка орманшылығының номері 33-аумағынан өрт шығады. Ауа темперетурасының жоғарылығына байланысты шөп те, ағаш та құрғақ, сол себепті жалын тез тарауы мүмкін. Оның үстіне секундына 11 метр жылдамтықпен жел соғып тұр. Өрт шыққан аумаққа жақын Сұлуағаш ауылына қауіп төнді. Сұлуағаш қана емес қызыл жалын іргелес Новосібір облысына да жылдам таралу қаупі бар. Жағдай дереу жан-жаққа баяндалып, жергілікті атқарушы мекемелер, төтенше жағдайлар департаментінің күштері, 35 гектарға жайылған жалынды ауыздықтауға кірісті. Өрт арасында қалған адам дәрігерлерге табысталды. Жаттығу барысында павлодарлық өрт сөндірушілердің қолындағы техникалық мүмкіндіктер көрсетілді.
Ресей елінен келген төтеншіктер тактикалық оқу-жаттығу жиынының өз мақсатына жеткендігіне тоқталды.
Константин Банников, РФ ТЖМ Новосібір облысы бойынша бас басқармасы бастығының орынбасары
Бұл жаттығудың мақсаты мен мазмұны өзара ынтымақастық. Кезекші бөлімдердің ақпарат алмасу тәжірибесі. Шекара маңындағы өртті бірлесе жеңудің әдіс-тәсілдерін пысықтау. Халықты қауіптен құтқарудың бірлескен іс-қимылын шыңдау. Бұл екі ел, екі облыс үшін аса қажет тәжірибе. Бүгінгі жаттығу бұл тұрғыда діттеген мақсатына жетті. Шараны ұйымдастырушы тарапқа алғысымды айтамын.
Өрт мемлекеттік шекараларды мойындамайды. Адамға, табиғат пен экологияға қатері көп апат. Оны оңай жеңудің жалғыс жолы бірлесіп әрекет ету.
Жанасыл Серікбол