Дауылпаз ақын,әнші әрі жыршы Иса Байзақовтың өнері – бүгінгі ұрпаққа мұра, өшпес өнеге. Оның асқақ рухы, шешен сөзі, шыншыл өлеңі әрбір қазақ жүрегінен орын алады. Сарыарқа дүлділінің 125 жылдық мерейтойы аясында Ертіс ауданында дүбірлі той өтті. Толығырақ шараға куә болып қайтқан әріптесім Қымбат Садық тарқатады.

Мерейтойлық шара аясында ең алдымен ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым жасалды. Салтанатты рәсімге қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақынның ұрпақтары қатысты. Бұл – халықтың өз ұлына деген шынайы құрметі мен ұмытылмас ілтипатының көрінісі болды.

Жас ақын Иса Байзақовтың домбырасымен арнау орындап, осыдан бір ғасыр бұрынғы күй мен сөз өнері сарының сахнада қайта жаңғыртты. Жиналған жұртшылықта ерекше тебіренді.

Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мерейтойға арнаған құттықтау хаты оқылып, мемлекет тарапынан Иса Байзақов мұрасын насихаттауға ерекше мән беріліп отырғаны айтылды. Онда ақынның ұлттық рухты оятудағы орны мен әдебиетке қосқан үлесі зор бағаланды.

Айзада Құрманова, ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі

Бұл тек бір ақынның ғана емес, тұтас бір дәуірдің рухани билігін дәлелдейтін маңызды белес. Иса ақынның шығармашылығы халқымыздың сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін, ел мен жерге деген махабаттының көркем көрінісі. Ол жүрегінен төгілген жырлары мен ұлттық поэзияға жаңаша леп әкелген, айтыс өнерін биікке көтерген, елдік пен ерлікті жыр еткен біртуар қаламгер. Ақынның шоқтығы биік шығармалары ұрпақпен бірге жасай берері анық.

Шара барысында Иса Байзақовқа арналған «Байзақов биігі», «Халық қасиетін жанмен ұққан», «Дауылпаз» атты жаңа кітаптардың тұсауы кесілді. «Халық қасиетін жанмен ұққан» кітабы Ертіс ауданы әкімінің қолдауымен жарыққа шықты. Оған ақынның бірге өскен замандастарының мақалалары енді.

Самат Мәненов, Ертіс ауданының құрметті азаматы

Исаны кезінде көзімен көрген, үлкен адамдар мен замандастарының, жырын тыңдаған адамдардың естеліктерінен құрастырдық, Бұл кітаптың ерекшелігі сонда деп ойлаймын. Сонымен қатар бұл кітапқа үлкен авторлардың, жерлесі Бақытжан Қанапияновтың «Төретұмсық» деген Исаның туған жері туралы мақаласы еніп отыр. Бұл жалпы оқырманға арналған. Кітап әдемі, өте дер кезінде шықты деп ойлаймын.

Өзге жинақтарда ақынның бұрын-соңды жарық көрсе де, оқырман қолына жиі түсе бермейтін жырлары мен түрлі естеліктері қамтылған. Бұл құнды басылымдар жас оқырмандарға да, әдебиеттанушыларға да зор олжа болары сөзсіз.

Мизан Жұмәлі, ақын, «Дауылпаз» жыр кітабының авторы

Бұл кітап Иса Байзақовтың балалық шағынан жетімдік дәуірі қамтылған. Сондай бір керемет кезеңдерді кешпеген бала кезінде. Сол сәттерін және шығармашылық кезеңдерін, ол кісінің қай өңірлерден қандай тәлім алғаның, қандай ұстаздардың алдынан өткендігі, қандай ортада жүргені, жалпы өмірі қалай болғаны, ел мен жерге істеген еңбектері барлығы осы кітапта айтылады.

Мұнан кейін шара этноауылда жалғасын тапты. Қазақы дәстүр мен мәдениеттің көрінісі ретінде арнайы киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы сән-салтанатпен безендірілді. Этноауыл аумағында қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, келген қонақтарға көңіл-күй сыйлады. Ақын тойына Алматыдан ұрпақтары да қатысып, халық сүйіспеншілігі үшін ризашылық білдірді.

Құралай Байзақова, Иса Байзақовтың немересі

Ең осы көзге түсетіні маған барлығы шын жүректен, қуанып осы тойға дайындалып, келіп отыр. Тек ғана біздің отбасымыз үшін емес, Ертіс ауданы ғана емес, осы Қазақстанға үлкен мерейтой. Өте қуаныштымыз. Біздің атамыздың даңқы, оның шығармашылығы, актерлық , композиторлық таланты туралы көп айтылып жатыр. Жаңа кітаптардың тұсаукесері болып жатыр, жыл бойы оқушылар арасында конкустарда болды, сол біздің көңілімізге өте ұнап отыр.

Томирис Төлегенова, Иса Байзақовтың шөпшегі

Менің атам домбырамен өлең айттым. Театрда ойнады, адамға көмектеседі. Мен өз атамның тойымен құттықтаймын.

Сондай-ақ, этноауылдың бір бөлігінде ұлттық спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, эстрада әншерінің қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты. Дүбірлі той ұлт жадына, рухани мұраға деген тағзымның, өнерге деген құрметтің айқын көрінісі болды. Ақынның есімі мен мұрасы ел жадында мәңгі сақталмақ.

Қымбат Садық