Павлодар География үйі 12 жыл толды. Ұйым осы уақытта зерттеулер мен экспедициялардың, жаңалық пен жаңашыл жобалардың мекеніне айналды. Биыл олар туған күнін атап өтіп, мазмұнды жылдың нәтижесін көпшілікпен бөлісті. Толығырақ келесі сюжетте.
Салтанатты жиынның шымылдығы алғыс хаттарды табыстау салтанатынан басталды. Ерекше белсенділігімен көзге түскен еріктілер, серіктестер және көп жылғы достар марапатқа ие болды. Осы жылы география үйі облыс аумағында үлкен фотоэкспедициялар ұйымдастырды. Ерекше фотоальбом шығарды, балаларға арналған білім беру жобаларын жүргізіп, табиғатты қорғауды насихаттайтын ондаған шара өткізді.
Александр Вервекин, Павлодар география үйінің басшысы
Біз ерекше қорғалатын табиғи аумақтармен ынтымақтастықты нығайта түстік. Жылды Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірлескен шығармашылық байқаудан бастадық. Бұл Баянауылдың табиғаты мен географиясына арналған шығарма байқауы болды. Өте қызықты өтті, көп жұмыс атқардық, Баянауыл ауданында тұратын көптеген талантты балаларды таныдық.
Жыл сайын География үйінің есігі жаңа жандарға айқара ашылады. Биыл да табиғатты зерттеуге ынталы, экологиялық бастамаларға үлес қосуды мақсат еткен жиырмаға жуық жаңа мүшеге арнайы билеттер табысталды.
Наталья Булава, Павлодар география үйінің мүшесі
«Менің туған өлкемнің тарихы, қаладағы түрлі үдерістер өте қызық болды. Экология тақырыбы да маңызды әрі тартымды.Бұл – өте маңызды жоба. Өйткені осы салаға қызығушылық танытқан жандарды біріктіреді. Жылы, мазмұнды кездесулер өткізіледі. Қызығушылығы бар адамдар жаңа мәлімет алады. Балаларға арналған жобалары да көп. Экологиялық экспедицияларға барады, қаланы зерттейді.
География үйінің мақсаты сан қумай, сапаға мән беру. Соған қарамастан жылдан-жылға табиғатқа ғашық жандардың қатары артып келеді.
Александр Вервекин, Павлодар география үйінің басшысы
Мүшелер санын көбейтуді мақсат еткен емеспіз, дегенмен бүгін ұйым құрамында 258 адам. Бұған үйірмелерге қатысатын балалар кірмейді. Балалар мүшелікке жатпайды, бірақ олардың саны 100–120 шамасында. Яғни ұйым өздігінен өсіп келеді. Біз отанын, ғылымды, географияны, саяхат мәдениетін сүйетіндердің бәріне алғыс айтамыз.
Осы жылы жүзден астам бала тегін үйірмелерге қатысып, табиғатты тану жолында алғашқы қадамдарын жасады. Әр сабақ жаңа әсер, әр жоба жаңа ізденіс.
Александр Вервекин, Павлодар география үйінің басшысы
Біздің жұмысымыздың 60–70 пайызы – балалармен жұмыс. Алты балаларға арналған тегін үйірме бар. Маусымда жеткіншектер Ресей Федерациясының Омбы облысындағы халықаралық желкенді лагерьге қатысты. Ал тамызда дәстүрге айналған сегізінші жүзбелі академия өтті – екіқабатты теплоход бортында бір апта бойы география, өлкетану, зоология, ботаника, картография сабақтары оқытылды. Бұл – балалар үшін нағыз оқиға. Олар оны асыға күтеді, тіпті штурвалда тұрады. География үйі келер жылы Қазақстанның басқа өңірлерімен ынтымақтастықты кеңейтіп, жаңа экспедициялар ұйымдастыру және халықаралық бастамаларға қатысуды жоспарлап отыр.
Дильназ Қуанышбекқызы