Павлодарда дәстүрлі қалалық тамыз конференциясы өтті. Жыл сайынғы педагогикалық кеңес білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаңға айналған. Жиында өткен оқу жылының қорытындысы жасалып, жаңа міндеттер айқындалды. Сонымен қатар, ұстаздардың еңбегі бағаланып, бірқатар мұғалімдер марапатталды.

Конференция Павлодар қалалық білім беру бөлімінің жаңа басшысының есебінен басталды. Ол былтыр жүзеге асқан жұмыстарды атап өтті. Мектептердегі цифрландыру, оқушылар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, инфрақұрылымды жаңарту, мемлекеттік бағдарламалар аясында білім сапасын арттыру бағытында атқарылған істер баяндалды. Жеткен жетістіктер мен шешуді қажет ететін мәселелер сөз болды.

Тимур Нұркешов, Павлодар қаласы білім беру бөлімінің басшысы

Атқарылып отырған жұмыстардың нәтижесі қызметтің көптеген маңызды бағыттары бойынша оң динамика көрсетті. Сапаны қамтамасыз етудің маңызды шарттары, заманауи талаптарға сәйкес саланың инфрақұрылымы мен материалдық жабдықтауын қалыптастыру. Менеджмент пен кадр әлеуметінің сапасы, кадрлардың кәсіби дамуы мен біліктілігін арттыру үшін жағдайларды қамтамасыз ету тәрбие жұмысының жағдайы мен сапалы және қауіпсіз жайлы білім беру ордасы боып табылады.

Қалада оқушы санының артуына байланысты мектептерде орын тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу үшін соңғы жылдары ауқымды жұмыстар жүргізілді. «Жайлы мектеп » ұлттық жобасы аясында 12 мектеп жаңғыртылды. Оқу орындарының терезелері, жылу және су жүйелері ауыстырылды. Қаржыландырудың ұлғаюы да маңызды рөл атқарды. Бүгінде білім беру саласының бюджеті 56 миллиард теңгеге жетіп, соңғы үш жылда 27 пайызға артқан.

Светлана Гладышева, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары

Бұл қаражаттың есебінен инфрақұрылым мәселелер шешілді. Жаңа оқу жылының басына дейін бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Бүгінде Мақпалеев атындағы мектепте күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Достық шағын ауданында №48 жаңа мектеп ашылады. Сонымен қатар, №47 мектеп құрылысы аяқталады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепке қосымша ғимарат салынуда. Қазір қаламыздағы мектептердің үштен бірі заманауи талаптарға сай. Соңғы үш жылда «Жол картасы» бағдарламасы аясында 37 білім беру нысаны жөндеуден өтті. 9 мектеп пен 5 балабақша жаңарды.

Конференция барысында педагогтар кәсіби бағдар беру жұмысын қолға алу қажеттігін айтты. Одан бөлек, білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу мен оқыту сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Ләйля Жүсүпова, Павлодар қаласы әлихан бөкейхан атындағы лицей-мектебінің басшысы

Біздің мектебіміз үшін осы өткен оқу жылы табысты болды. Мектебімізді биыл екінші рет Әлихан Бөкейхан атындағы республикалық ғылыми практикалық конференция өтті. Сонымен қатар медаль шықты. Сонымен қатар, былтырғы 2024-2025 жылдың жинақтары кітапқа енгізіліп, баспадан басылып шығарылды. Мектебіміз бүгінгі күні ата-аналар сұранысына ие. Мектебіміздің жобалық қуаты 650 оқушы. Бірақ бүгінгі күні 1000нан астық. Биыл 6 сынып ашылды. Барлық сынып 28 балаға толып отыр.

Жиын соңында ұстаздардың еңбегі еленіп, түрлі марапаттар табысталды. Бұл мұғалімдердің кәсіби дамуына серпін беретін игі дәстүрдің жалғасы.

Сабина Жолдаспаева