Президент Жолдауында экономика, білім беру, жастар саясаты және экология саласындағы міндеттер нақты айтылды.Ел дамуының негізгі басымдықтарын айқындаған жолдауды Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері мен қоғамдық ұйымдар тыңдады.
Жолдауда Мемлекет басшысы ел экономикасын тұрақты дамыту, жаңа инвестиция тартып, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне тоқталды. Білім беру саласын жетілдіру, заманауи мектептер ашып, жастарды жаңа технологиялармен жұмыс істеуге бейімдеу - басты міндеттердің бірі. Қоғам өкілдері бұл қадамдарды қолдайтындарын айтады.
Нұршат Нұрғалиева, «Нұр ана әлемі» ҚБ мүшесі
Орта және жеке кәсіпкерлерді біріктіру. Қайтарылған жерлерді, активетерді халықтың игілігіне жұмсау туралы дұрыс. Жастардың білімі туралы да, жаңа мектептерді, бізде де ашылды ғой сол сияқты мектептерді көбейту керек. Бала тәрбиесінде жаңа Қазақстанымызды дамыту үшін жаңаша тәрбие беру. Мектептерге жаңа технология кіргізу.
Президент өз сөзінде экология тақырыбына да ерекше тоқталды. Жер қойнауындағы байлық пен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, су қорын сақтау, жасыл аймақтарды көбейту елдің болашағы үшін маңызды міндеттердің қатарында. Бұл бағытта жастардың белсенділігі ерекше аталды.
Нұршат Нұрғалиева, «Нұр ана әлемі» ҚБ мүшесі
Жердің астындағы байлығымызды, жердің үстіндегі суымызды бәрін де халықтың игілігі үшін үнемдеп ұстау дұрыс. Таза Қазақстан акциясына жастардың белсене қатысқанын, әрі қарай жалғастыра беру керек. Елімізде қаншама ағаш егілген, жастар белсене қатысқан. Өзінің елінің дамуына, гүлденуіне үлес қосатын білімді жастарымызды тәрбиелеуіміз керек.
Жолдауда айтылған бастамалар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, жас ұрпақ тәрбиесіне, қоғамның бірлігі мен ынтымағына бағытталған. Қоғам өкілдері бұл міндеттерді қолдап, өз саласында жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Сабина Жолдаспаева