Железин ауданы 90 жылдығын тойлады. Тарихы терең, топырағы құнарлы өлкенің мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Киіз үйлер тігіліп, спорттық шаралар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Тоқсан жылдықты тойлауға аудан тұрғындары ұзақ дайындалды. Бюджеттен қаржы шығармай, астықты өлкенің азаматтары туған жердің мерейі үшін өз қаражаттарын аямады.

Құттықтау лебізінен соң Серік Барлыбайұлы ауданның дамуына айрықша үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттады. Олардың қатарында ауыл шаруашығы, білім, денсаулық сақтау сияқты түрлі сала өкілдері бар. Железин топырағы ғана құнарлы емес, тарихы да, тағдыры да бай аудан. Той барысында осынау бай тарихтың заттай куәсі көрме ретінде ұсынылды. Облыстық Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі көпшілікке ауданның мәдениеті мен тарихына қатысты мұраларды таныстырды.

Шара әрмен қарай спорттық, концерттік бағдарламаға ұласты. Облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның концерттік бағдарламасы көрсетіліп, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Одан кейін облыстық деңгейдегі ақындар айтысы өтті. Жыр додасында аймақтың белгілі айтыскер ақындары бас қосты.

Мерекелі күнге орай этноауыл құрылып, киіз үй тігілді. Көршілес Ертіс, Тереңкөл, Шарбақты аудандары мен Ақсу қаласынан, сондай-ақ Железин ауданының ауылдарынан қонақтар арнайы келіп қатысты. Баршасы берекесі мол ауданның бақ-дәулеті одан әрмен арта берсін деген тілектерін жеткізді.

Тойдың тағы бір айтулы сәттерінің бірі түйе балуандар сайысы болды. Оған 11 спортшы қатысты. Абай облысы, Қостанай, Астана қаласы, Павлодар өңірінің аудандарынан келген мықтылармен бірге Моңғолиядан арнайы келген балуан да бақ сынады. Мерейтой құрметіне екі түрлі бәйге ұйымдастырылды. Әуелі – ашық бәйге өтті. Оған Астана, Семей, Шығыс Қазақстан, Май, Екібастұз, Ақсу, Ертіс, сондай-ақ Павлодар облысының өзге де аудандарынан келген шабандоздар қатысты. Ашық бәйгенің ұзақтығы – 18 шақырымға созылды. Бірінші орынға – бір миллион,екінші орынға – 700 мың теңге, үшінші орынға – 500 мың теңге берілді. Сонымен қатар, тек аудан тұрғындарына арналған жабық бәйге де ұйымдастырылды. Онда шабандоздар сегіз шақырымдық қашықтықта бақ сынасты. Бірінші орынға – 700 мың теңге, ал екінші орынға – 500 мың теңге табысталды.

Жанасыл Серікбол