Павлодар қаласының №1 қалалық ауруханасында жасалған күрделі ота сәтті аяқталды. Дәрігерлер құлақ маңындағы сілекей безінде пайда болған ірі көлемді ісікті алып тастады. Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалды. Науқас – небәрі 19 жастағы жасөспірім.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл отаның ерекшелігі – ісіктің көлемі мен оның күрделі анатомиялық орналасуында. Себебі сілекей безінің айналасында бет жүйкелері орналасқан. Сол себепті мұндай жағдайда әрбір әрекет аса мұқият жасалады. Егер жүйкелерге зақым келсе, науқастың бет қимылдарына әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай ота жоғары біліктілікті талап етеді.

Дидар Байғали, №1 қалалық аурухананың жақ-бет хирургиясы бөлімінің дәрігері

Бүгінгі таңда бізде 19 жасар балаға ота жасалынды. Ота жасалуының себебі 6 ай бойы құлақ маңы безінің ісігі мазалаған. Бұл ісіктің пайда болуына әртүрлі себеп бар. Инфекциялық аурулар, жарақаттар, соққылар немесе өзінің бір имунитеттік тапшылықтардан пайда болады. Ісік көп жағдайда кездеседі. Науқастардың жасын талғамайды. Бұл ісікке байланысты науқастарға айтар кеңесіміз, бұндай ісікті дер кезінде алып тастау керек. Себебі бұл уақыт келе онкологиялық ауруларға әкелуі мүмкін.

Науқастың айтуынша, алғашында ісік шамамен бір жарым сантиметр болған. Уақыт өте келе 5 сантиметрге жеткен. Осы уақыт ішінде жас жігітті мазалағанымен, қатты ауырсыну сезілмеген. Бірақ ісік көзге анық білініп, күнделікті өміріне кедергі болған.

Родион Фомин, емделуші

Алғаш рет екі жыл бұрын байқадым. Құлақ маңында кішкентай түйін пайда болды. Ол кезде кішкентай ісік еді. Кейін біртіндеп үлкейіп, үш сантиметрге, содан соң бес сантиметрге дейін өсті. Дәрігерлерге қаралып, МРТ, УЗИ жасадым. Биопсиядан кейін ісіктің қатерсіз екені анықталды. Маған толық наркозбен ота жасалды. Ота кезінде ештеңе сезбедім. Алғашқы екі күн дене қызуым көтерілді, қазір өзімді жақсы сезінемін.

Мұндай отаның құны шамамен 200 мың теңгені құрайды. Алайда науқасқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жасалды.

Сабина Жолдаспаева