Павлодар облыстық кардиологиялық орталықта жүрек қақпақшасына күрделі ота жасалды. Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін өтті. Дәрігерлер «Росса» әдісін қолданды. Бұл қандай әдіс? Кімге жасауға болады? Келесі сюжеттен білейік.

34 жастағы Луганск ауылының тұрғыны Николай Шупенев жарты жыл бойы жүрек тұсының ауыруына шағымданған. Тексеру кезінде дәрігерлер оған аорталық қақпақшаның жеткіліксіздігі мен стеноз диагнозын қойды. Мамандар науқасты аман алып қалудың ең тиімді жолы – Росса әдісімен ота жасау деді.

Виталий Березуцкий, кардиохирург дәрігері

Бұл әдістің ерекшелігі – өкпе қақпақшасын аорталық қақпақша орнына көшіру. Науқастың өз қақпақшасын сақтау мүмкін болмағандықтан, осындай тәсілді таңдадық.

Ота 4 сағатқа созылды. Бір тәуліктен соң емделуші палатаға ауыстырылды. Қазір өзін жақсы сезінеді, шағымы жоқ. Алдағы күндері ауруханадан шығады.

Николай Шупенев, емделуші

Отаға дейін жүрегім қатты соғып, тіпті оның дүрсілін еститінмін. Қазір ондай белгі жоғалды. Жалпы жағдайым жақсы, енді тек толық сауығу қалды.

Бұл әдістің артықшылығы – науқасқа өмір бойы арнайы қан сұйылтатын дәрі ішу қажет емес. Сол арқылы тромб түзілу қаупі азайып, өмір сапасы жақсарады.

Виталий Березуцкий, кардиохирург дәрігер

Мұндай ота көбіне балалар мен жастарға жасалады. Өйткені өкпеден алынған қақпақша ағзамен бірге өсіп, табиғи қызметін жалғастыра алады. Бұл спортпен шұғылдануға да, болашақта дені сау ұрпақ сүюге де мүмкіндік береді. Әрине, тұрақты бақылау қажет, бірақ қақпақша ұзақ жылдар бойы қызмет етеді.

Аорталық қақпақша ақауы – жүрек ауруларының ең жиі кездесетін түрі. Кардиологиялық орталықта мұндай диагнозбен аптасына екі ота жасалады. Бірақ Росса әдісі сирек қолданылады. Үш жылда мұндай ота небәрі 6 рет жасалған.

Сабина Жолдаспаева