Осыдан 8 жыл бұрын салынған Ақсу қаласындағы жаңа қазандық биылғы жылыту маусымында да іске қосылмайтын болды.
Естеріңізге салай кетейік, алты қазандығы бар жаңа жылу орталығын салуға 11 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Алып нысан тұрған күйіде тозып барады. Ал, қалаға жылу беріп тұрған Ақсу ферроқорытпа зауытына қарасты ескі қазандық жылда жөнделгенімен қыс ортасында сынып қалмасына кепілдік жоқ.
Жаңа қазандық 2019 жылы іске қосылуға тиіс болатын. Қуаттылығы 180 гега калорий, тұтас қаланы және жаңадан бой көтеретін шағын аудандарды да жылумен қамтиды деп жарияланған. Алайда қазандықтың қуаты шаһардың тең жартысына ғана жететін болып шықты. Есесіне жоба шикіжасалған, сондықтан агрегаттарды жетілдіру керек деген желеумен оқтын-оқтын түзету жасау арқылы бастапқы құны 6,5 млрд. теңге деп белгіленген қазандықтың құны 11 млрд.теңгеге өсіп кетті. Қызығы сол, жылда жылу маусымы басталар алдында бұл қазандыққа сынақ жүргізіледі. Бірақ іске қосылмайды. Себебі біреу, кәдімгі көмірмен жағуға болмайды екен.
Ержан Иманзайыпов, Павлодар облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы
-Жоба бойынша бізде тас көмір жоспарланған. Ол Екібастұз кенішінен алынады. Енді қазіргі таңда біз басқа көмірді санаймыз. Биылғы жылы ол қосылмайды. Өйткені, сынақты әлі бітірген жоқ.
Павлодар өңірінде көмірдің екі-ақ түрі бар. Күлділігі жоғары бірақ қызуы ұзақ сақталатын Екібастұз кенішінің көмірі және күлі аз, қызуы қатты, бірақ қайтымы тез Майкөбенің көмірі. Біріншісінің бағасы арзан бірақ күлі көп болғандықтан қазандықты бітеп тастайды мыс. Ал, Майкөбенінің өнімі тым қымбат. Жылу тарифі екі-үш есеге бірақ көтеріледі екен. Осылайша Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары өңірдің қала мен аудандарында салынған жалғыз қазандықтың игілігін ел қашан көрері әзірге белгісіз.
Сабина Жолдаспаева