Қазақстан Бірінші лигасында бақ сынап жатқан футбол клубтары үшін чемпионаттың аяқталуына аз қалды. «Ертіс» футбол клубы премьер-лигаға қайта оралуға жақын тұр. Алайда алда әлі бірнеше ойын бар. Ол ойындарда қалай табысты нәтиже көрсетуге болады? Тілшіміз баяндасын.
Павлодарлық «Ертістің» премьер-лигаға ресми түрде оралуы үшін небары 6 ұпай жинау қажет. Алда – төрт ойын. Осы ойындарға футболшылар дайын ба? Ойыншыларда қандай мотивация бар?
Ринат Алюетов, «Ертіс» ФК бас бапкері
Әр адам ақша тапқысы келеді. Дұрыс қой? Қазіргі таңда біздің негізгі мотивациямыз – клубтың әр жеңіс үшін беретін сыйақысы. Жеңіп, ақша табуға мүмкіндік барда айырылып қалуға болмайды. Ол ақшамен балалар демалысқа да барып келеді. Бұл – бір мотивация. Ал негізінен, жігіттеріміздің жеңіске деген құлшыныстары жоғары. Екі бірдей мықты құрамымыз бар. Кімде-кім шаршаңқы көрінсе алмастыруға мүмкіндігіміз бар. Өткен ойындарда бірқатар қиындықтар болды. Жалпы алғанда дұрыс жолмен келе жатырмыз.
Келесі жылдан бастап премьер-лига құрамындағы клубтар саны 14-тен 16-ға дейін ұлғаяды. Дегенмен, бұл шешім неге екені белгісіз, чемпионат аяқталуына бес тур қалғанда ғана жарияланды. Бірақ «Ертіс» бәрібір өз міндетін орындап жатыр. Жоғары лига құрамының кеңеюі – оң үрдіс, дейді Ринат Алюетов.
Ринат Алюетов, «Ертіс» ФК бас бапкері
Бұл, жалпы, оң шешім. Лиганы кеңейту арқылы көбірек аймақ қамтылады. Премьер-лигаға шығуға ұмтылатын командаларға өздерін көрсетуге мүмкіндік береді. Міне, биыл Бірінші лигада төрт команда жоғары лигаға шығуға таласып жатыр. Мүмкіндік болса, төртеуі де шығуға дайын. Футболдың дамуы керек. Мемлекет басшысының спортқа көңіл бөлуі – зор қолдау. Жаңа стадиондар салынады деген жаңалықтың өзі – қазақстандық футбол үшін үлкен жетістік.
22 турдан кейін көш басында – 56 ұпаймен ақтаулық «Каспий» командасы тұр. «Ертіс» 51 ұпаймен екінші орында. Одан кейінгі орын «Алтай-Өскемен» клубында– оларда 45 ұпай, қарағандылық «Шахтерда» – 44 ұпай.
25 қыркүйекте павлодарлықтар астаналық «SD Family» командасына қонаққа барса, 3 қазанда өз алаңында алматылық «Хан-Тәңірі» командасым ен ойнайды.
Жанасыл Серікбол