Павлодар қаласында қозғалыс жүйесінде бұзылысы бар балаларға арналған халықаралық реабилитациялық шеберлік сабағы өтті. Шараға Испанияның әйгілі Гуттман институтының дәрігер-мамандары арнайы шақырылған. Бұл – Еуропадағы нейрореабилитация саласындағы жетекші орталықтардың бірі болып табылады. Толығырақ әріптесім жалғастырсын.
Қаламызға алғаш келген шетелдік мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа әдістерді таныстырды. Олар балалардың оңалтылуының маңыздылығын ерекше атап өтті.
Албу Серджиу, неврология саласының маманы
Бізді оңалту орталығына арнайы шақырғаны үшін ризамын. Үш күн ішінде әріптестеріммен бірге өз тәжірибемізбен бөлісеміз. Себебі, балаларды оңалту процесі әр уақытта жаңартып отыру керек. Жаңа мүмкіндіктер ашылады. Реабилитация процессі үлкен кешенді жұмысты талап етеді. Осыған байланысты Гуттман институтында балаларды оңалтуға қатысты мол тәжірибе жинақталған.Біз әрдайым технологияларды жаңартып отырамыз.
Іс-шараға педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, балалар неврологтары, реабилитологтар, травматолог-ортопедтер және ЛФК мамандары қатысты.
Камила Ибраимова, реабилитация орталығының реабилитолог дәрігері
Мұндай инновациялық тәсілдерді қолдану арқылы біз балалар реабилитациясында қазіргі заманда қолданылатын жаңа және эфективті методтарды қолдануымызға және оларға танысуға көптеген мүмкіншіліктер ашылуда.
Шеберлік сабақтарында балалардың церебральды сал ауруы, бас-ми және жұлын жарақаттары, жүйке-бұлшықет аурулары, инсульт, аноксия және ми ісіктерінің салдарын диагностикалау және емдеу тәсілдері жан-жақты қарастырылады.Сондай-ақ, орталықтың мамандары өз жұмыс барысын атап өтті.
Осындай шеберлік сабақтарының өткізілуі – балалардың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам. Шетелдік және отандық мамандардың бірлесе жұмыс істеуі – тәжірибе алмасуға, жаңа әдістерді енгізуге және реабилитация саласының дамуына зор мүмкіндік береді.
Дильназ Қуанышбекқызы