Достық үйінде неміс этномәдени бірлестігінің мәдениет күні өтті. Шара Павлодар облыстық «Возрождение» немістер қоғамы ұйымының 35 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды. Мерекенің қалай өткенін келесі сюжеттен білейік.
Бұл күні неміс бірлестігіне өкілдеріне әр тараптан құттықтаулар айтылды. «35 жыл: Возрождение. Жол. Құрмет» атты конференцияда неміс орталығының көпжылдық жұмысына қорытынды жасалды. Қонақтарға этномәдени қозғалыстың ардагерлері мен жетекшілері сөз сөйледі.
Владимир Шек, «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы
Біз бұл жылдар бойы немістерді біріктірумен айналыстық. Өкінішке қарай, біраз отандастарымыз ата-бабаларының жері – Германияға көшіп кетті. Дегенмен Павлодарда көптеген немістер қалды. Бүгінгі күні олардың саны мыңнан асады.
Қоғам ресми түрде 1990 жылы тіркелді. «Возрождение» орталығының өкілдері Ассамблея ұйымдастыратын барлық шараларға белсенді қатысады. Олар өздерінің мерекелерін де ұмытпайды. Сонымен қатар театр студиясына, би және тіл курсына барады.
Владимир Шек, «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы
Сонымен қатар біздің мектебіміз бар. Онда әжелеріміз немістің ұлттық тағамдарын қалай дайындау керегін үйретеді. Бұл мектеп тұрақты түрде жұмыс істеді.
Салтанатты шара соңында Павлодар облыстық мәслихаты, «Возрождение» қоры және Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан белсенділер мен серіктестер марапатталды. Сонымен қатар өңірдің неміс диаспорасының көрнекті өкілдеріне арналған «Тұлғалар және тарих» атты фотокөрме ұйымдастырылды.
Сабина Жолдаспаева