Мемлекет басшысы Жолдауында 2026 жылдың ортасына дейін пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып, оларды әділ қайта бөлу арқылы тиімді айналымға енгізу жөнінде нақты міндет жүктеген болатын. Бұл тапсырманы орындау бағытында аймақтарда жүйелі жұмыстар қолға алынды.

2022 жылдан бастап Павлодар облысында 940 мың гектардан астам пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жері мемлекеттік меншікке қайтарылды. Оның 605 мың гектары қайта бөлініп, жергілікті шаруа қожалықтарына, фермерлік құрылымдарға және аграрлық серіктестіктерге берілді.

Мұрат Хамитов, Павлодар облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы

Халықтың мал жаю мәселесін шешу үшін жайылымдық жерлер де арнайы резервке қойылған. Сонымен қатар, 7 мың гектардан астам жер қант зауытының құрылысына бөлінді. Ал 327 мың гектардай жерді әділ және ашық түрде бөлу жұмыстары жалғасуда.

Дегенмен, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жерлерін электронды форматта бөлу ережелері Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан әлі бекітілмеген. Осыған байланысты Павлодар облысы әкімдігі өз ұсыныстарын орталық мемлекеттік органдарға жолдады.

Дильназ Қуанышбекқызы