Павлодар облысында әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тетіктері әзірленіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес қолға алынды. Президент қолданыстағы әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімді еместігін атап өтіп, оны ұсынудың бірыңғай стандартын енгізуді тапсырған еді. Толығырақ тілші әңгімесінде.
Өзгерістер ең алдымен жергілікті атқарушы органдар көрсететін қолдау шараларына қатысты болмақ. Әңгіме бір реттік төлемдер мен жәрдемақылар жайында. Қазір олардың саны жүзден асады, алайда мазмұны жағынан әртүрлі және көбіне облыстық бюджеттердің мүмкіндігіне байланысты беріледі. Ал зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар толық көлемде сақталады.
Асқар Биахметов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі
Айта кету керек, мемлекет өз әлеуметтік міндеттемелерін қысқартпайды. Мәселен, зейнетақы, мүгедектік, асыраушысынан айырылу жағдайындағы жәрдемақылар және республикалық бюджет есебінен төленетін өзге де төлемдер толық көлемде сақталады. Мысалы, қазір республикалық бюджеттен 41 түрлі жәрдемақы, соның ішінде зейнетақы төленеді. Олардың барлығы бұрынғыдай толық көлемде төленетін болады.Ал енді нақтылауды қажет етеін мәселе — бұл жергілікті атқарушы органдар көрсететін қолдау шаралары. Яғни, бір реттік төлемдер, жекелеген жәрдемақылар сияқты көмектердің атаулары мұқтаждық деңгейіне қарай берілуі көзделіп отыр.
Вице-министрдің сөзінде, әлеуметтік төлемдерді бөлуде санат бойынша, яғни, қажеттілікке сай беріледі. Бұл — ең алдымен табысы төмен, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетіледі деген сөз. Қазір облыс әкімдігі азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік көмекті сараптап жатыр.
Асқар Биахметов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі
Бүгінде 113 түрлі төлем мен жәрдемақы бар. Қазір осы бағытта тиісті жұмыстар басталып кетті. Облыс әкімі басқарып отырған жұмыс тобы құрылды, басқармалар бұл іске кірісті. Олар барлық бағыт бойынша талдау жүргізіп жатыр. Болашақта бұл процестер цифрлық форматта жүзеге асырылады – яғни, бәрі ашық әрі тиімді болмақ. Ең бастысы – біз көмекті шынымен мұқтаж жандарға көрсетуіміз керек.
Айта кетейік, Әлеуметтік қолдау шараларының бірыңғай стандартын осы жылдың желтоқсан айына дейін әзірлеу жоспарланып отыр.
Әйгерім Тоқпанқызы