Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына сүбелі үлес қосып жүрген ұстаздарды марапаттады. Ақордада өткен салтанатты рәсімде мұғалімдердің еңбегі мен ел болашағы — жастарды тәрбиелеуге қосқан үлесі ерекше аталып өтілді. Олардың қатарында Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы Талғат Теміржанұлы Жалпақов та бар. Ол "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды.

Бұл марапат – ұстаздың көпжылдық еңбегінің, тынымсыз ізденісі мен шәкірт тәрбиелеудегі табандылығының айғағы.Талғат Теміржанұлы педагогика саласында 23 жыл еңбек етіп келеді. 2017 жылдан бері ол студенттерді WorldSkills сияқты халықаралық және республикалық байқауларға даярлап келеді. Оның шәкірттері IT саласында түрлі деңгейдегі сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып жүр.

Талғат Жалпақов, Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы

Мен бұл награданы педагогика саласында тыңбай еңбек еткенім үшін алдым. Студенттерімізбен республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінудеміз. Айти саласында білікті әрі білімді балаларды таңдап, оқытуға мүмкіндік берген басшылығыма алғысым шексіз. Қазір біз өзіміздің колледжге білікті студенттерді іріктеп қабылдаймыз.

Бүгінде Талғат Теміржанұлы білім беру саласында заманауи технологияларды тиімді қолдана отырып, жас мамандарды даярлауға ерекше үлес қосып жүр. Ол ұстаздық қызметті тек мамандық емес, миссия деп қабылдайды. Оның айтуынша, бүгінгі марапат барша ұстаздар қауымының ортақ жеңісі. Себебі әрбір шәкірттің жетістігінде ұстаздың маңдай тері мен жүрек жылуы бар.

Талғат Жалпақов, Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы

Шынымды айтсам, бұрын-соңды дәл бұлай қобалжыған емеспін. Тек жарыстарға қатысып жүрген кездерде осындай эмоцияларды сезінетінмін. Бізді өте жылы қарсы алды. Ақордада ерекше құрметпен күтіп алды. Өмірімде бірінші рет осындай жоғары деңгейдегі марапатты көзіммен көріп, өз қолыммен алдым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Ендігі мақсатым – "Құрмет" орденін алу. Бұл – әр педагогтың арманы деп білемін.

Талғат Теміржанұлы өз оқыту әдістемесінде заманауи технологияларды белсенді қолданады. Ол ұстаздық қызметті тек мамандық емес, өмірлік миссия деп санайды. Оның пікірінше, бүгінгі марапат – бұл барлық ұстаздар қауымының ортақ жеңісі, себебі әрбір шәкірттің жетістігінде ұстаздың маңдай тері мен жүрек жылуы бар.

Дильназ Қуанышбекқызы