Өңірімізде белгісіз індеттен 1713 үй құсы қырылды. Қауіпті жағдай қыркүйек айының басында байқалды. Осы жағдай облыстың бес ауданындағы алты ауылдық елді мекенде тіркелді. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасы хабарлады.
Ең көп жағдай Тереңкөл ауданында 863 құспен тіркелді. Шарбақты ауданында – 442, Железин ауданында – 311, Ақтоғайда – 57, Ертіс ауданында – 40 құс қырылған. Мамандар індеттің нақты себебін әзірге анықтай алмайды. Құстардың белгілеріне жүрісінің бұзылуы, жемнен бас тарту, бастың артқа қайырылуы және ұйқышылдық жатады.
Ғалым Бейсенов, Павлодар облысы ветеринария басқарма басшысының орынбасары
Біз паталогиялық материалды алып зерттеуге жібердік. Яғни, ұлттық орталық ветеринария бойынша Астана қаласына. Алайда, 12сі күні бізге инфекция жоқ деген нәтиже келді. Біз өлім тоқтамағандықтан әрі қарай сынамаларды алып, қайта жібердік. Сол жақтан мамандар келіп, қосымша сынама алды. Бірінші қыркүйек күні жабайы құстарға аңшылық басталған еді. Содан кейін, 2-3 қыркүйек күні үй құстарының өлімі басталды. Біздің болжам бойынша аңшылар жабайы құстарды ауылдарға әкелді, одан заражение болды деген болжам бар.
Егер «жоғары патогенді құс тұмауы» диагнозы расталса, арнайы бұйрыққа сәйкес карантин енгізіледі. Індет тіркелген аймақта барлық құс жойылады. Тірі, ауырған, шартты сау және өлекселер түгел өртеледі. Ластанған аумаққа дезинфекция жасалады.
Ғалым Бейсенов, Павлодар облысы ветеринария басқарма басшысының орынбасары
Осы жоғары патогенді тұмау құс ауруы 2020 жылы тіркелген. 5 ауылдық округта. Одан кейін, тағы 2021 жылы құс тұмауы екі ауылдық округте тіркелген. Биыл тіркелген құс өлімінің симптомдары сол жоғары патогенді құс тұмауына өте ұқсас келеді. Қазіргі таңда құстар зерттелуде. Тұмау анықталса, үкімет тарапаынан орташа бағамен құны өтеледі.
Алдын ала болжам бойынша, толық зерттеу қорытындысы келесі жұмада белгілі болады. Сол кезде нақты диагноз қойылады. Ал, зиян шеккен тұрғындарға өтемақы республикалық бюджет есебінен төленеді.
Сабина Жолдаспаева