Қазан айының алғашқы жексенбісі күні ұстаздар күні атап өтіледі. Биыл да дәстүрден қалмай, үздік мұғалімдер төс белгілермен, алғыс хаттармен марапатталды. Толығырақ шараға қатысып келген тілшіміз Самал Қалиқызы жалғастырсын.

Жер бетіндегі барлық саланың, мамандықтың бастауында ұстаз тұрады. Сондықтан ұстаздарға осынау мереке қарсаңында ғана емес, әркез құрмет көрсету міндет саналады. Осы ретте дәстүрлі түрде Естай атындағы мәдениет сарайында өңір мектептерінің ұстаздарына тағзым етілді. Алдымен өңір басшысы Асайын Байханов сөз алып, ақ жарма тілегін білдірді.

Шәкірт жүрегіне үміт пен сенім дарытқан мейірім иесі, қараңғыда жол көрсеткен шамшырақ, болашаққа жол ашқан ұрпақ тәлімгері – асыл ұстаздар. Салтанатты шара барысында жылдар бойы оқушыларды білім нәрімен сусындатқан жандарға «Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгісі», Министрлік атынан алғыс хаттар мен облыс әкімі атынан «Құрмет», «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкер» марапаттары табысталды. Кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Павлодар облысының білім беру саласында қосқан үлесі үшін» Екібастұз қаласындағы №25 қазақ қыздар гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айнұр Кендібайқызы төсбелгімен марапатталды.

Айнұр Рахимбаева, №25 қазақ қыздар гимназиясының мұғалімі (Екібастұз қаласы)

Осы салаға келуімнің себебі, анам математика пәні мұғалімі. Аққулы ауданы тумасымыз. Осы ұстаз жолында еңбек етіп келеміз. Барлық ұстаздарды құттықтаймын. Ұранымыз сол болсын.

Сонымен қатар, бұл күні дәстүрге айналған «Жыл мұғалімі – 2025» облыстық сайысы қорытындыланды. Осы жолы білім беру саласында шәкірт тәрбиелеп отырған, жаңашылдықтар енгізіп жүрген жас педагогтер де марапатқа ие болды. Ал, «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» марапатының жеңімпазы Жамила Мейрамбекқызы атанды. Ол Екібастұз қаласындағы №28 балабақша тәрбиешісі.

Жамила Көпішева, №28 балабақшаның тәрбиешісі (Екібастұз қаласы)

Бұл мамандықты 22 жыл еңбек етіп келемін. Қазір педаого зерттеушімін. Үлкен ағам ардагер ұстаз, апайым да ұстаздық қызмет атқарған. Бұл мамандық жүрек қалауым. Бас жүлдеге ие болдым. Бұл ең бірінші менің ғана жетістігім емес. ең біріншіден ұжымыма лағсыс білдіргім келеді. Сенімділік ұялатты деп айтуға болады.

«Ұстазға тағзым». Дәл осындай атпен ұстаздарға арналған салтанатты шара барысында 50-ге жуық педагогтың еңбегі еленді. Айта кетейік, марапатталған ұстаздардың бәріне 1000 АЕК көлемінде сыйақы берілді. Салтанатты шара ұлы мамандық иелеріне арналған концерттік бағдарламамаен жалғасты.

Самал Қалиқызы