Павлодар қаласында қоғамдық көліктердің маршруттық бағыты оңтайландырылды. Шара аясында 11 маршруттың бағыты өзгертіліп, үш бағыт алынып тасталды. Қала әкімдігінің айтуынша, өзгерістер кезінде тұрғындардың пікірі ескеріліп, жолаушылар ағыны сараланған.
Қоғамдық көліктер бағытын өзгерту жұмысы тамыздың жиырмасынан бастап, қыркүйектің жиырмасына дейін бір ай бойы жүрді. Қала әкімдігі, қандай автобусты қай бағытқа өзгерту керектігі негізінен жолаушылар санына байланысты шешілгендігін хабарлады. Шығындарды субсидиялау қала бюджетіне елеулі шығын келтіреті деп танылған 3 бағыт мүлдем тоқтатылған. Олар номері бесінші, алтыншы және он жетінші бағыттар. Алтыншы және он жетінші бағыттардың орнына номері жиырма бірінші және қырқыншы бағыттар жүреді. Ал, номері бесінші маршрттың жолаушылары енді трамвай және басқа да автобустарға отырады.
Тағы бір өзгеріс. Қала маңына қатынайтын № 40, 41, 38, 66 шы автобус теміржол вокзалына дейін жүреді. Бұл реттее № 66 және № 40 маршруттар ұзындығы қысқарған. Сондықтан, осы маршрутпен жүретін жолаушылар үшін бір сағат ішінде тегін ауысып міну мүмкіндігі енгізілді. Бір айдың ішінде бұл мүмкіндікті 56 591 адам пайдаланған.
Сондай-ақ, теміржол вокзалынан Усолка шағын ауданына дейін жүретін № 66А бағыты жаңадан енгізілді.
Жанасыл Серікбол